«ЭЦҚ мерзімі аяқталды»: ҰАТ жаңа алаяқтық схема туралы ескертті

Коллаж NoFake.kz
Қазақстанда алаяқтықтың жаңа тәсілі жиілеген. Қаскөйлер өздерін eGov немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) мерзімі аяқталғанын айтады. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мұндай қоңырауларға сенбеуге шақырды.
Алаяқтар қандай схема қолданады?
Алдымен азаматқа қоңырау шалып, ЭЦҚ-ның қолданылу мерзімі аяқталғанын хабарлайды. Одан кейін қолтаңбаны телефон арқылы «ұзартуды» немесе «қайта шығаруды» ұсынып, SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. ҰАТ мәліметінше, ЭЦҚ-ны қайта шығару үшін бір ғана SMS-код жеткіліксіз. Ол үшін пайдаланушы арнайы сәйкестендіру рәсімінен, соның ішінде биометриялық аутентификациядан өтуі керек.
Алайда мұндай қоңырау көбіне алаяқтық схеманың алғашқы кезеңі ғана болуы мүмкін. Қаскөйлер алдымен адамды алаңдатып, сеніміне кіруге тырысады. Артынша басқа адам хабарласып, өзін «қауіпсіздік қызметінің қызметкері» ретінде таныстыруы мүмкін.
Ол шотқа немесе жеке деректерге қауіп төніп тұрғанын айтып, SMS-кодтарды, дербес мәліметтерді сұрауы немесе азаматтың телефонына қашықтан қол жеткізуге әрекет жасауы ықтимал.
eGov қызметкерлері SMS-код сұрамайды
ҰАТ eGov, 1414 байланыс орталығы, ХҚКО және құқық қорғау органдарының қызметкерлері телефон арқылы SMS-код сұрамайтынын ескертті. Сондай-ақ олар ЭЦҚ кілтін немесе оның құпиясөзін беруді талап етпейді.
Сондықтан күмәнді қоңырау түскен жағдайда:
- SMS-кодты, ЭЦҚ кілтін және оның құпиясөзін ешкімге бермеу;
- бейтаныс адамның телефон арқылы берген нұсқауларын орындамау;
- күмәнді сілтемелерді ашпау;
- белгісіз қосымшаларды орнатпау және құрылғыға қашықтан кіруге рұқсат бермеу;
- ЭЦҚ мерзімін тек ресми сервистер арқылы тексеру қажет.
Егер осындай қоңырау түссе, әңгімені тоқтатып, ешқандай құпия ақпарат бермеген жөн. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына хабарласу ұсынылады.
SMS-кодты айтып қойсаңыз не істеу керек?
ҰАТ түсіндіруінше, алаяққа SMS-кодты айтып қоюдың өзі ЭЦҚ-ны қайта шығаруға немесе адамның атына несие рәсімдеуге жеткіліксіз. Мұндай маңызды операциялар үшін жеке тұлғаны қосымша растау, соның ішінде биометриялық сәйкестендіру қажет.
Дегенмен ЭЦҚ деректерін немесе SMS-кодты бөгде адамға берген жағдайда қауіпсіздік шараларын дереу қабылдап, құқық қорғау органдарына жүгінген дұрыс.
ЭЦҚ-ның нақты қолданылу мерзімін eGov Mobile қосымшасындағы «Профиль» → «Менің ЭЦҚ-ларым» бөлімінен тексеруге болады. Сондай-ақ Ұлттық куәландырушы орталықтың ресми сайтында авторизациядан өтіп, «Менің ЭЦҚ кілттерім» → «ЭЦҚ кілттерінің тізімі» бөлімі арқылы көруге болады.


