NoFake

Трамп Айды АҚШ аумағы деп жариялағаны рас па

Фото: whitehouse.gov

Әлеуметтік желілерде АҚШ Президенті Дональд Трамптың «Ай-біздікі» деп жариялаған жазбасы қызу талқыланды. Snopes шетелдік фактчек басылымы бұл мәліметті тексеріп,  АҚШ айды ресми түрде өз аумағы деп жарияламағанын жазды.

Басылымның мәліметінше, Трамп 6 қыркүйекте Truth Social желісінде айдың суретін жариялап, оған «The Moon is Ours» («Ай – біздікі») деген жазу қоса салған.  Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жазбадан кейін АҚШ президенті айды АҚШ территориясы деп жариялады деген пікір таратқан. Алайда Snopes мұны ресми аумақтық талап деп бағалауға негіз жоқ екенін атап өтті.

 «Жазба шынайы болғанымен, онымен бірге айды АҚШ территориясы деп жариялайтын атқарушы жарлық немесе басқа да заңды құжат жарияланбаған. Сондықтан Трамптың әлеуметтік желідегі жазбасы АҚШ-тың айға ресми түрде егемендік жариялағанын білдірмейді», — деп жазды басылым.

АҚШ Айды өз аумағы деп жариялай ала ма?

Мамандар Халықаралық құқық бойынша кез келген мемлекет айды немесе басқа аспан денесін өзінің ұлттық аумағына қоса алмайтынын айтады. Бұл талап БҰҰ-ның «Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану жөніндегі қызмет қағидаттары туралы шартында» бекітілген. АҚШ осы шартты ратификациялаған мемлекеттердің бірі.

Құжаттың 2-бабында ай мен басқа да аспан денелері егемендікке талап қою, пайдалану немесе басып алу арқылы ұлттық иеленуге жатпайтыны көрсетілген.

«Аспан денелері, оның ішінде ай, егемендікке талап қою, пайдалану немесе басып алу арқылы ұлттық иеленуге жатпайды», – делінген шартта.

Яғни мемлекет айдың белгілі бір бөлігін зерттеп, онда инфрақұрылым орналастырған жағдайда да, бұл аумақ автоматты түрде сол мемлекеттің территориясына айналмайды.

Трамптың жазбасы халықаралық шартты бұзды ма?

Мамандар бұл мәселе әзірге нақты шешілмегенін айтады. Snopes Трамптың жазбасы АҚШ-тың халықаралық шарттағы міндеттемелерін бұзу болып санала ма деген сұрақтың ашық тұрғанын атап өтеді. Бұған қоса, Трамптың жазбасында АҚШ-тың Айға қатысты ресми саяси немесе құқықтық талап қойғанын білдіретіні туралы ресми құжат жоқ екенін айтылған.

Мамандар АҚШ-тың Айға ресми түрде талап қоюы басқа мемлекеттердің де қарсылығына ұшырауы мүмкін екенін айтады. Себебі, Қытай, Ресей, Үндістан және Жапония секілді ғарыш саласында белсенді елдер де Ғарыш кеңістігі туралы шарттың қатысушылары.

Трамптың Айға қатысты саясаты

Басылым Трамптың «Ай – біздікі» деген жазбасы оның әкімшілігінің ғарыш саласына қатысты бұрынғы ұстанымдарымен де үндесетінін де айтады. 2025 жылғы қаңтарда Трамп «Ensuring American Space Superiority» атты атқарушы жарлыққа қол қойған. Құжатта 2030 жылға қарай айда тұрақты америкалық база элементтерін орналастыру мақсаты көрсетілген. Сондай-ақ АҚШ айда және орбитада, оның ішінде ай бетінде пайдаланылатын ядролық реакторларды орналастыру бағытында жұмыс жүргізуді жоспарлаған. Ал Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде қабылданған құжатта АҚШ ғарышты «жаһандық ортақ кеңістік» ретінде қарастырмайтынын мәлімдеген.

Түйін

«Snopes бұл ақпаратты «Трамп айды АҚШ территориясы деп жариялады» деген мағынада толық шындыққа жатқызбайды: президенттің жазбасы бар, бірақ оның негізінде Айдың АҚШ аумағына айналғаны туралы ресми құқықтық шешім жоқ», — деп түйіндейді басылым.

Қолданыстағы халықаралық шарт бойынша айды кез келген мемлекеттің ұлттық аумағы ретінде иеленуге болмайды. Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Канада премьер-министрін тұтқындағаны туралы жалған ақпарат тараған еді.

Оқу үшін