Фейк: Қырғызстан Ресейге әскери техника жөнелтіп жатыр

Фото: KNews.kz
Әлеуметтік желілерде Қырғызстаннан Ресейге қарай әскери техника тиелген пойыз жөнелтіліп жатқаны туралы видео тарады. Қырғызстанның Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Әлеуметтік желілерде әскери техника тиелген пойыздың видеосы тарап, кадрлар Қырғызстанда түсірілгені және техника Ресейге жөнелтіліп жатқаны айтылған.
Қырғызстанның Қорғаныс министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Тараған видеоматериал Қырғызстан аумағында түсірілмеген. Кадрлардағы теміржол инфрақұрылымы, соның ішінде электрлендірілген жолдар Қырғыз Республикасының теміржол желісіне сәйкес келмейді», — делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство Қырғызстаннан Ресей Федерациясы бағытында әскери техника шығарылып жатқаны туралы ақпаратты да жоққа шығарды.
Қорғаныс министрлігі БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпаратты таратпауға және мәліметті жарияламас бұрын оның рас-өтірігін тексеруге шақырды.


