NoFake

Атыраудағы лотостар табиғи ортаға қауіп төндіре ме: министрлік зерттеу жүргізеді

Коллаж: Nofake.kz

Әлеуметтік желіде және бірқатар БАҚ беттерінде атыраулық екі қыздың лотос тұқымын Қытайдан алдырып, гүлді жергілікті өзенге еккені туралы ақпарат тараған еді. Гүлді рұқсатсыз өсіру заңғы қайшы емес пе? Жаңа өсімдіктің жергілікті табиғатқа әсері қандай? Nofake.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінен сұрап білді.

Желі неге шулады?

Отандық БАҚ пен желідегі пабликтер Атыраудағы екі қыздың қытайлық маркетплейстен «лотос» гүлінің тұқымын алып жергілікті өзенге шашқаны, нәтижесінде суда лотос алқабы пайда болғанын жарыса жазған еді. Көпшілік арасында ол қызу талқыланып, азаматтардың кейбірі жеткіншектерді қолдаса, енді бірі оның экологияға зардабы болатынын мәлімдеп жатыр.

«Лотостардың көбеюі су ағынына кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, ол су сапасы мен оттегі режиміне де ықпал етеді. Оларда бұлай көбейткенде абай болу керек», — деп жазған желі қолданушысының бірі.

Скриншот әлеуметтік желідегі жазбадан.

Экология министрлігі не дейді?

Атыраудағы лотос гүлінің өсуіне байланысты Экология министрлігіне хабарластық. Ведомство қаладағы су айдындарының біріне отырғызылған лотостардың өсу жағдайын анықтау үшін, профильді мамандарды тартылып, қосымша зерттеу жасалатынын мәлімдеді.

Лотос «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына отырғызылған ба?

«Ашық дереккөздерде жарияланған ақпаратқа сәйкес, өсімдік тұқымдары шетелден сатып алынып, кейін су айдынына отырғызылған. Бұл су айдыны «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағынан тыс орналасқан. Сонымен қатар аталған өсімдіктердің нақты түрі мен түрішілік тиесілілігі, шығу тегі және жергілікті лотос популяциясына сәйкестігі қазіргі уақытта ғылыми тұрғыдан расталуы қажет», — делінген хабарламада.

Заңда не көзделген?

«ҚР «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңына сәйкес, өсімдіктерді интродукциялау – өсімдік түрлерін табиғи өсу және тіршілік ету ортасынан тыс жерге қасақана немесе кездейсоқ көшіру болып саналады. Аталған заңның 19 -бабында өсімдіктерді интродукциялау және жерсіндіру тиісті хабарлама негізінде жүзеге асырылатыны көзделген. Бұл ретте бөгде өсімдік түрлерін табиғи өсімдіктер қауымдастығына енгізуге тыйым салынады», — делінген хабарламада.

Ведомстваның айтуынша, заңның 33 және 34-баптарына сәйкес, мұндай жағдайда тұқымның немесе отырғызу материалының шығу тегі, саны, отырғызылатын орны мен мерзімі туралы мәліметтер болуы керек. Шетелден әкелінген жағдайда карантиндік фитосанитариялық бақылау құжаттары мен отырғызу материалының паспорты да талап етіледі. Сонымен бірге табиғатты қорғау және ғылыми ұйымдардың ұсынымдары қажет.

Қазіргі жағдай қандай?

Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2026 жылғы 5 қыркүйекте лотостар өсіп тұрған аумақты Ботаника және фитоинтродукция институтының жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы бөлімінің ғылыми мамандарын тарта отырып зерттеу жоспарланғанын мәлімдеді.

«Зерттеу барысында өсімдіктердің нақты түрі мен отырғызу материалының шығу тегі анықталады. Сондай-ақ олардың өсу жағдайлары, одан әрі өздігінен таралу мүмкіндігі зерттеліп, жергілікті су және жағалау өсімдіктер қауымдастығына ықтимал әсері бағаланады», — делінген ведомство хабарламасында.

Министрлік, сондай-ақ, ботаника институтының алдын ала мәліметіне сәйкес, бұл өсімдік Қызыл кітапқа енгізілмегенін мәлімдеді. Алайда нақты ақпарат мамандардың зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша белгілі болатыны хабарланады.

Түйін

Атыраудағы лотостардың нақты түрі мен шығу тегі әзірге анықталған жоқ. Сондықтан тұқымды еккен қыздардың әрекетіне құқықтық баға да берілмеген. Заң бойынша өсімдіктерді табиғи таралу ортасынан тыс жерге енгізу арнайы талаптармен жүзеге асырылуы тиіс, ал бөгде түрлерді табиғи өсімдіктер қауымдастығына енгізуге тыйым салынады. Енді мамандар Атыраудағы лотостың қандай түр екенін, оның өздігінен таралу мүмкіндігін және жергілікті экожүйеге ықтимал әсерін зерттейді. Қыздардың жауапкершілігі туралы мәселе де осы жағдайлар анықталғаннан кейін ғана нақтылануы мүмкін.

Оқу үшін