NoFake

Қазақстанда пәтер сату тәртібі өзгерді: Әділет министрлігі түсіндірді

Фото: Depositphotos

8 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді нотариаттық рәсімдеу тәртібі өзгерді. Енді мұндай мәмілені кез келген өңірдегі нотариуста емес, мүлік орналасқан жердегі нотариуста куәландыру қажет. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.

Жаңа тәртіп сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау, кепілге қою және жылжымайтын мүлікті иеліктен шығаруға немесе кепілге беруге байланысты мемлекеттік тіркеуге жататын өзге де мәмілелерге қолданылады. Яғни пәтер, үй немесе басқа жылжымайтын мүлік Астанада орналасса, оған қатысты мәміле де Астанадағы нотариуста куәландырылуы тиіс.

Басқа қалада жүрген меншік иесі не істейді?

Әділет министрлігінің түсіндіруінше, жаңа талап меншік иесінің басқа қалада немесе өңірде жүріп өз мүлкіне билік ету құқығын шектемейді. Егер азамат мүлік орналасқан жерге өзі бара алмаса, басқа адамға сенімхат бере алады. Сенім білдірілген өкіл мәмілені жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі нотариуста рәсімдейді.

Мысалы, пәтер Астанада, ал оның иесі Алматыда болса, меншік иесі басқа адамға сенімхат рәсімдей алады. Сол өкіл Астанадағы нотариусқа барып, қажетті мәмілені жүзеге асырады.

Осылайша, басқа қалада жүрген азамат жылжымайтын мүлкін сенім білдірілген тұлға арқылы бұрынғыдай сата, сыйға тарта, айырбастай немесе кепілге қоя алады. Өзгергені – мәмілені нотариаттық куәландыратын орын ғана.

Неліктен тәртіп өзгерді?

Әділет министрлігі аумақтық қағидатты енгізу жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді рәсімдеуді жүйелеуге мүмкіндік беретінін түсіндірді. Сондай-ақ жаңа тәртіп мұндай операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттырып, алаяқтық схемалардың тәуекелін төмендетуге бағытталған.

Жаңа талап тек жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерге қолданылады. Өзге нотариаттық әрекеттерді жасау тәртібі өзгермейді.

Оқу үшін