NoFake

«Бішкек-Арена» $60 млн емес, $386 млн-ға салынды: Қырғызстан билігі шығындарды түсіндірді

Фото: vesti.kg

Қырғызстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов «Бішкек-Арена» стадионының 60 миллион долларға салынғаны туралы тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Асқат Алагөзовтың айтуынша стадионның жалпы сметалық құны: 386 миллион доллар, ал сыйымдылығы — 51 252 адам.

Жер учаскесі — 20 га (200 000 м²), жалпы құрылыс алаңы — 194 248 м², биіктігі — 70 метр (8 қабат).

Асқат Алагөзов нысанның сауда және коммерциялық инфрақұрылым ретіндегі сипаттамасын да толық жариялады. Президент баспасөз хатшысы сауда орталығының жалпы аумағы — 35 916 м² екенін атап өтіп, онда  48 дүкен,  супермаркет, 18 сауда дүңгіршегі, 23 мейрамхана, 11 дәмхана, 4 кинозал, балалар ойын алаңы, спорт залы, жалпы аумағы 5 087 м² болатын террасалар бар екенін айтты.

«Осылайша, «Бішкек-Аренаның» жалпы құрылыс құны 386 миллион долларға тең. Алайда «Бішкек-Арена» бұл соманы салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ақтап қана қоймай, кейін пайдалану мерзімі бойы табыс әкелетін болады»,  — деді ол.

Ал 60 млн деген сома ел ішіне қайда тарады? Алагөзовтың айтуынша алғашында бұл стадион құрылысына расымен аз сома жұмсау жоспарланған.

 «Стадионның құрылысы енді басталғанда оны Долон Өмірзақов атындағы стадион секілді қарапайым нысан ретінде, 30–35 мың көрерменге арнап салу жоспарланған еді. Біз Қамшыбек Ташиевтен оның құрылысына шамамен 60 млн доллар кететінін естіген едік», — деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.

Алайда Қырғызстан Президенті нысанды кеңейтуді тапсырған.

«Кейінірек Президент Садыр Жапаров бастапқы жобаны түгелдей өзгертіп: «Ол қырғыздың киіз үйі пішінінде салынсын, ішінде сауда орталықтары, мейрамханалар мен кафелер, супермаркет, кинотеатрлар, спорт залдар және балаларға арналған алаңдар болуы тиіс. Әйтпесе, стадионды ұстап тұру бюджетке ауыр салмақ түсіреді. Болашақта бұл нысан табыс әкелетін орынға айналуы керек», – деген тапсырма берді», — деп жазды Асқат Алагөзов.

Халықаралық тәжірибе және бағаның өсу себептері:

Баспасөз хатшысы әлемдік тәжірибеде ұқсас стадиондардың құны айтарлықтай жоғары екенін мысалға келтірді.

«Мысалы, АҚШ-тағы SoFi стадионы $5 млрд-тан астам, ал Англиядағы Wembley $1,5 млрд тұрады. Құрылыс құнының өсуі металл мен бетонның қымбаттауы, инфляция, логистика және Қырғызстанның климаттық ерекшеліктеріне (сейсмотөзімділік, күшейтілген металлоконструкциялар мен жылыту жүйелері) байланысты», — деді Асқат Алагөзов.

Сонымен қатар Алагөзов қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексеру үшін Есеп палатасы мен тиісті органдардың қатысуымен арнайы комиссия жұмыс істейтінін айтып, тексеру қорытындылары жұртшылыққа қосымша жарияланатынын мәлімдеді. Айта кетейік, бұған дейін біз Бішкек пен Астанадағы стадиондардың құнын салыстырған жазбалар желіде қызу талқыланып жатқаны жайлы жазған едік.

Оқу үшін