«Сыни ойлауды дамыту»: Оқу-ағарту министрі кадр даярлауда неге басымдық берілетінін түсіндірді

Фото: Ukimet
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бүгін Үкімет отырысында елімізде кадр даярлауда төрт негізгі бағытқа басымдық берілетінін атап өтті, деп хабарлайды Nofake.kz.
Министрдің сөзінше, бүгінде еңбек нарығында жұмысшы маманнан кәсіби біліктілікпен қатар заманауи технологияларды меңгеру, сыни ойлау, өзгерістерге бейімделу және практикалық міндеттерді орындай алу талап етіледі.
«Осыған байланысты кадр даярлауда төрт негізгі бағытқа – кәсіби, яғни негізгі мамандығы, когнитивтік-сыни ойлау, технологиялық, яғни IT және цифрлық технологиялар мен кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға басымдық беріледі», — деді ол.
Бұл ретте министрлік білім беру бағдарламаларын өндірістегі технологиялық өзгерістерге бейімдеу, практикалық даярлықты күшейту, кәсіпорындармен әріптестікті кеңейту және жұмысшы мамандықтары бойынша түлектердің жұмыспен қамтылуын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыратынын жеткізді.
«Басты мақсатымыз – жұмысшы кадрларды даярлауды экономика мен өндірістің сұранысына барынша сәйкестендіру», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың сабақта ұялы телефон ұстауы ережелерін түсіндірген еді.


