Атырауда ауа сапасы нашарлағаны рас па

Скрин әлеуметтік желіден
Атырауда ауа құрамындағы бірнеше ластаушы заттың мөлшері рұқсат етілген нормадан бірнеше есе асқан. Облыстық экология департаментінің мәлімдеуінше, мұнай өңдеу зауытына кешенді тексеріс жүргізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бүгін Threads әлеуметтік желісінде Атырау тұрғындары таңғы сағат 4-тен бастап қалада ауаның күрт нашарлағанын жазып, шағымдарын жариялады. Кейбір тұрғындар жағымсыз иіске байланысты терезе аша алмағанын айтса, енді бірі балалардың жөтеліп, тыныс алуы қиындағанын жазған.

«Күн сайын таңғы сағат 4–6 шамасында күкіртсутектің иісі шығып, терезе ашу мүмкін болмай қалады. Бұл бір күннің ғана мәселесі емес. Неге біз сасық иістен оянуға үйренуіміз керек? Тиісті бақылау, өлшеу жұмыстары қайда? Тұрғындарға неге түсініктеме берілмейді?» – деп жазды желі қолданушысы.
Тағы бір тұрғын жағымсыз иістен тыныс алуы қиындағанын айтқан.
«Түнде және таңға қарай қаланы қайтадан қолқаны қабатын иіс басады. Өз үйімізде терезе ашуға қорқатын болдық. Балаларымыз қандай ауамен тыныстайды деп алаңдаймыз. Бүгін таңғы сағат 5:30-да қатты жөтелден оянып, тұншыға жаздадым. Терезені ашық қалдырып ұйықтаппыз», – деп жазды ол.
Экология министрлігі не деді?
Материалды жазу барысында NoFake.kz редакциясы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне хабарласып, өңірдегі жағдайға қатысты түсініктеме сұрады.

«Қыркүйек айының 5-нен 6-на қараған және 6-нан 7-не қараған түнгі уақыттарда жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС селитебті аймағынан, яғни «Восток» ауа сапасын бақылау станциясы маңынан, Химпоселок, Привокзальный ықшамаудандарынан алынған сынамалардан изопропилбензолдың, диэтилбензолдың, көміртек оксидінің гигиеналық нормативтен бірнеше есе асқаны анықталды», — деп хабарлады.
Ведомство ауадағы ластаушы заттардың таралуына жел бағыты да әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
«Желдің бағыты оңтүстік, оңтүстік-батыс. Бұл бағытта «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС орналасқан. Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қатысты кешенді тексеріс тағайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деп жазды облыстық экология департаменті.
Бұған дейін, 1–2 қыркүйекте зерттелген 108 ауа сынамасынан ластаушы заттардың нормадан асқаны анықталмаған. 5 – қыркүйекте тұрғындар шағымынан кейін алынған 126 сынамада да мұндай көрсеткіш тіркелмеген. Соңғы күндері ауадағы ластаушы заттардың неліктен көбейгені әзірге белгісіз. Атырау мұнай өңдеу зауытында тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен кешенді тексеріс жүргізу жоспарланып отыр.


