Шымкентте оқушыларға тозығы жеткен оқулықтар берілгені рас па

Коллаж: Nofake.kz
Шымкенттегі №38 мектеп-гимназиясының оқушыларына тозығы жеткен оқулықтар берілгені туралы ата-аналар шағымданды. Олардың айтуынша, кейбір кітаптар тоғыз жылдан бері қолданылып келеді. Nofake.kz қала мектептеріндегі оқулықтар неге әлі толық жаңартылмағанын анықтап көрді.
Желі неге шулады?
Мәселе жаңа оқу жылы басталғаннан кейін көтерілді. Telegram-дағы пабликтердің бірінде №38 мектеп-гимназиясында оқушыға берілген оқулықтардың суреті жарияланды. Кітаптардың мұқабасы мен беттері ескіріп, тозғаны байқалады.
«№38 мектеп-гимназиясында бізге осындай оқулықтарды берді. Кітапхана қызметкерлері мұндай кітаптардың оқушыларға беріліп келе жатқанына 9 жыл болғанын айтады. Алайда мемлекет жаңа оқулықтар сатып алуға тұрақты түрде қаражат бөліп келеді емес пе? Бұл қалай болғаны?», – деп жазған Шымкент тұрғыны.
Қалалық білім басқармасы не дейді?
Шымкент қаласының білім басқармасы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Ведомство қала мектептеріндегі оқулық қоры жыл сайын жаңартылып отыратынын, ал жаңа кітаптарды сатып алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінетінін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласындағы оқушылардың оқулықтармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі және оқулықтардың сапасына қатысты түрлі ақпараттар таралуда. Осыған байланысты Шымкент қаласының білім басқармасы мемлекеттік білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жыл сайын жоспарлы түрде және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілетінін хабарлайды», — делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, 2025–2026 оқу жылында жергілікті бюджеттен 2 046 386 462 теңге көлемінде қаражат бөлініп, мемлекеттік білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету мақсатында 554 382 дана оқулық сатып алынып, білім беру ұйымдарына уақытылы таратылған.
«Ал 2026–2027 оқу жылына жергілікті бюджеттен 2 388 319 00 теңге көлемінде қаржы қарастырылып, оқулық қорын жаңарту, тозығы жеткен оқулықтарды ауыстыру және білім алушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 11 баспадан 600 мыңға жуық оқулыққа тапсырыс берілді», — делінген хабарламада.
Бұл ретте білім басқармасы қазіргі таңда тапсырыс берілген оқулықтарды Шымкент қаласына жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Оқулықтар толық жеткізілгеннен кейін тозығы жеткен оқулықтар кезең-кезеңімен ауыстырылып, білім беру ұйымдарындағы оқулық тапшылығына қатысты мәселелер тиісті тәртіппен шешілетін болады», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, басқарма қолданыстағы заңнамаға, оның ішінде №91 бұйрықтың талаптарына сәйкес, оқулықтармен қамтамасыз ету мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін жүзеге асырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, ведомство оқулықтарды ұқыпты пайдалану және сақтап ұстау – білім алушылардың, ата-аналардың және білім беру ұйымдарының ортақ міндеті екенін ескертті.
«Оқулық – бірнеше жыл бойы басқа да оқушылардың пайдалануына берілетін ортақ оқу құралы. Сондықтан әр оқушыдан берілген кітаптарды таза, ұқыпты ұстап, бүлдірмей сақтауды сұраймыз. Бұл – оқулықтардың ұзақ уақыт пайдаланылуына және оқу құралдарымен қамтамасыз ету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», — делінген ведомство хабарламасында.
Түйін
Осылайша, Шымкент қаласының білім басқармасы оқулықтарды жаңарту жұмыстары жыл сайын жүргізілетінін және 2026–2027 оқу жылына 600 мыңға жуық жаңа оқулыққа тапсырыс берілгенін мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, кітаптар қалаға толық жеткізілгеннен кейін тозығы жеткен оқулықтар кезең-кезеңімен ауыстырылады. Ал №38 мектеп-гимназиясындағы ескі оқулықтарға қатысты мәселе жаңа кітаптар жеткізіліп, қор жаңартылғаннан кейін шешілуі тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрлігі қыздарға мектепке боянып келуге қатысты тыйымдарды түсіндірген болатын.


