Ауруханаға түссеңіз, кімге хабар беріледі: eGov-та жаңа сервис пайда болды

Коллаж NoFake.kz
Қазақстанда адам шұғыл ауруханаға түскен жағдайда оның өзі алдын ала таңдаған жақындарына хабар беруге мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды. eGov.kz порталы мен eGov Mobile арқылы үш адамға дейін сенім білдірілген байланыс ретінде тіркеуге болады, деп хабарлайды NoFake.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа қызмет адам жол-көлік оқиғасына ұшырап, денсаулығы кенеттен нашарлап немесе басқа себеппен ауруханаға түсіп, жақындарына өзі хабар бере алмайтын жағдайларға арналған.
«Егер адам жол-көлік оқиғасына ұшыраса, өзін кенеттен нашар сезінсе немесе басқа да себеппен ауруханаға түсіп, жақындарына өз бетінше хабарласа алмаса, енді оның емдеуге жатқызылғаны туралы өзі алдын ала таңдаған жақын адамдары хабардар бола алады», — деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.
Кімді тіркеуге болады?
Пайдаланушы ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлама жіберілетін үш адамға дейін таңдай алады. Сенім білдірілген адам 18 жастан асқан және Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек.
Ол үшін eGov.kz порталындағы «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметіне кіріп, таңдалған адамның ЖСН-ын көрсету қажет.
Одан кейін пайдаланушы дербес деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісім береді.
Таңдалған адам да келісім беруі керек
Сенім білдірілген адамға SMS-хабарлама келеді. Тіркеуге келіссе, жауап ретінде 911, ал бас тартса 912 кодын жіберуі қажет. Шешім қабылдауға бес сағат беріледі.
«Егер сенім білдірілген байланыс тіркеуді растаса, пайдаланушы сұрау салуға қол қояды. Осыдан кейін тіркелген байланыс туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне беріледі», — делінген министрлік хабарламасында.
eGov Mobile қосымшасында жаңа сервис «Мемлекеттік қызметтер» → «Денсаулық сақтау» бөлімінде орналасқан. Өтініш Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде 10 минутқа дейін өңделеді. Тіркеу мәртебесін eGov.kz порталындағы «Менің бейінім – Жеке кабинет», ал eGov Mobile-да «Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы» бөлімінен тексеруге болады.
Жаңа сервис Денсаулық сақтау министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен жұмысы аясында іске қосылған.


