NoFake

БЖБ, ТЖБ алынып тасталды: бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесі қалай өзгерді

Фото: depositphotos

ҚР Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптарындағы бағалау жүйесінде қандай өзгерістер болғанын түсіндірді, деп хабалайды Nofake.kz.

Алматы қ. №159 Ы. Алтынсарин атындағы гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қалдыгүл Әмірбекованың айтуынша, бастауыш сыныптардағы жаңа бағалау жүйесі бойынша формативтік бағалау жүйесі артпақ.

«Бұған дейін оның тоқсандық бағадағы үлесі 25 пайыз болса, енді 50 пайызды құрайды. Ол — өте маңызды. Өйткені, бастауыш сыныпта баланың бір күнгі нәтижесінен гөрі, оның тоқсан бойындағы күнделікті еңбегін, сабақтағы белсенділігін және біртіндеп ілгерілеуін ескеру маңызды», — деді ол.

Оның айтуынша, осы жүйе бойынша «мұғалім оқушының нәтижесін бақылап, қай тұста қолдау керек екенін дер кезінде көре алады».

«Екіншіден, БЖБ, ТЖБ алынып тасталып, аралық бағалау енгізіледі. Енді әр бөлім аяқталғаннан кейін, сол бөлім бойынша аралық бағалау жүргізіледі. Ал, тоқсан соңында бөлек ТЖБ болмайды. Бұл оқушыға түсетін бағалау жүктемесін азайтады. Бала тоқсан соңындағы бір жұмысқа тәуелді болмай, өзінің нәтижесін оқу барысында көрсете алады», — деді ол.

Сонымен қатар, бағалау тапсырмаларының мазмұны — практикалық бағытқа өзгертіледі. Министрліктің мәліметінше, ол — ең маңызды өзгерістердің бірі.

«Бастауышта баланың ережені жатқа білуі немесе есептің жауабын дұрыс табуы жеткіліксіз. Ол алған білімін қолдана білуі керек. Сондықтан, тілдік пәндерге диктант, мазмұндама, шығарма, оқу сауаттылығына бағытталған тапсырмалармен толықтырылды. Математикада математикалық сауаттылыққа, ал жаратылыстану, дүниетануда зерттеу, бақылау, тәжірибе жасау және қорытынды шығару дағдыларына мән беріледі», — деді ол.

Төртінші өзгеріс — жазбаша жұмыстарды енді оқушылар өз дәптерінде орындайды.

«Сөйтіп бала дайын шаблоннан жауап таңдамайды. Өзі жазады, ойын еркін жеткізеді. Есептің шешу жолын көрсетеді. Бұл оның жазу дағдысын, калиграфиясын, зейінін және өздігінен жазу дағдысын дамытуға мүмкіндік береді», — деді ол.

Одан бөлек, ұстаз енді барлық мән бойынша баланың оқу нәтижесі ескерілетінін жеткізді.

«Цифрлық сауаттылық, музыка, бейнелеу өнері, еңбекке баулу, дене шынықтыру пәндерінен де баланың жетістігі пәнге сәйкес ескеріледі. Яғни, енді баланың тек академиялық білімі ғана емес, практикалық білім де ескеріледі. Ол оның цифрлық, шығармашылық, командалық дағдыларын да көрсетеді», — деді ол.

Ведомство тағы бір маңызды өзгеріс, енді тоқсандық бағада 50 пайыз формативтік, 50 пайыз аралық бағадан тұратынын ескертті.

«Осылайша баланың күнделікті еңбегі мен бөлімді меңгеру нәтижесі тең дәрежеде ескеріледі. Модерация жүргізілмейді. Сол уақытта мұғалім уақытын тиімді пайдалана отырып, баламен жеке жұмыс жасауына уақыт жұмсап, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді», — деді ол.

Осылайша, енді бастауыш сынып балаларының бағалау жүйесі енді бір реттік нәтиже емес, оның оқу барысындағы ілгерілуіне байланысты болады.

«Біздің міндетіміз, баланың ненің меңгергенін, қай тұста қиналып жүргенін уақытында анықтап, ары қарай дамуына бағыт беру. Сондықтан бағалау — баланың дамуына әрі оқуына қызмет етуі керек», — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Білім күні ұстаздарға гүл сыйлау тәртібін түсіндірген еді.

Оқу үшін