NoFake

Сматрфон сатып аларда биометриялық аутентификация өту керек пе

Фото: Depositphotos

Елімізде ұялы байланыс құрылғыларын реттеу ережелері өзгермекші. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі дайындаған жоба қабылданса, смартфондар арнайы тізімдерге бөлініп, желідегі жұмысы шектелуі мүмкін, деп хабарлайды NoFake.kz.

Смартфондарға қатысты қандай өзгерістер енгізіледі?

Құрылғы базадағы тексеріс нәтижелері мен шығу тегіне қарай үш санатқа бөлінеді:

«Ақ тізім». Заңды құрылғылар: Барлық талаптарға сай, заңды түрде әкелініп, баж салығы төленген және кодтарында ешқандай ақауы жоқ смартфондар. Бұл құрылғыларға ешқандай шектеу қойылмайды — байланыс желілерінде еркін жұмыс істейді.

«Сұр тізім». Мұнда күмәнді немесе тексерілудегі құрылғылар енеді: Шығу тегі немесе тіркеу деректері толық расталмаған, қосымша верификацияны қажет ететін немесе жеке тұлғаның жылдық лимитінен тыс әкелінген аппараттар. Олардың иелеріне деректерін ретке келтіруге уақыт беріледі.

«Қара тізім». Қауіпті немесе заңсыз құрылғылар: IMEI-кодтары клондалған, ұрланған, GSMA халықаралық қара тізіміне енген немесе сот шешімімен қолданысы шектелген құрылғылар. Бұл аппараттардың қазақстандық байланыс желілерінде жұмыс істеуі толығымен бұғатталады. Бұйрық жобасында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен тергеу изоляторларында пайдаланылатын құрылғылар бойынша байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұрудың жеке тәртібі қарастырылғаны туралы да жазылған.

Сондай-ақ, басты жаңалықтардың бірі —  қызмет алушылар міндетті түрде биометриялық аутентификациядан өтеді. Телефондар елге әкелінген сәтінен бастап тіркелуіне, жөнделуіне немесе бұғатталуына дейін қадағаланады.

Қай телефондар қауіп аймағында?

Шектеулер мен бұғаттаулар мынадай құрылғыларға әсер етуі мүмкін:

Сәйкестендіру кодтары (IMEI) клондалған аппараттар; GSMA қара тізімге енген құрылғылар; сот актілері немесе уәкілетті органдардың шешімі бойынша қолданысы шектелген смартфондар; қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қолданылатын құрылғылар.

Құжат әзірге қоғамдық талқылау сатысында. Жобаны талқылау 2026 жылдың 14 қыркүйегіне дейін жалғасады. Еске салайық, 2026 жылдың 20 тамызынан бастап елімізде верификациядан өтпеген телефондарды сатуға тыйым салынған, ал жеке тұлғаларға жыл сайын өз бетінше әкелінген тек екі құрылғыны тіркеуге рұқсат етілген.

Оқу үшін