NoFake

Жаңа оқу жылы: ІІМ ата-аналар мен оқушыларға үндеу жасады

Фото: depositphotos

Жаңа оқу жылы қарсаңында Ішкі істер министрлігі ата-аналарға, оқушылар мен ұстаздарға үндеу жасап, балалардың жолдағы және күнделікті қауіпсіздігіне қатысты негізгі ережелерді еске салды.

ІІМ мәліметінше, оқу жылы басталғанда балалар үйден тыс жерде көбірек уақыт өткізеді: мектепке өздері барып-қайтады, түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысады. Сондықтан бұл кезеңде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.

Жаңа оқу жылы алдында еліміздегі мектептердің маңында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізілген. Балаларды тасымалдайтын автобустар да тексеруден өткен. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті нұсқамалар беріліп, олар оқу жылы басталғанға дейін жойылуға тиіс.

«Балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Балаларға жолды тек белгіленген жерден кесіп өту, жолдан өтер кезде телефонды пайдаланбау және құлаққапты шешу, айналаға мұқият қарау қажеттігін ескертіңіздер», – делінген ІІМ үндеуінде.

Сондай-ақ министрлік велосипед, мопед немесе электросамокат мінген кезде жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызды екенін еске салды.

Ата-аналарға баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын біліп жүру және балалармен жиі сөйлесу ұсынылды.

«Бала қиын жағдайға тап болған кезде ата-анасынан қорған табатынына сенімді болуы керек», – деп атап өтті ведомство.

Егер балаға қауіп төніп тұрса, ІІМ «102» нөміріне немесе «111» байланыс орталығына хабарласуға шақырды.

Оқу үшін