C дәрумені тұмаудан қорғай ма — ғалымдар не дейді

Фото: Depositphotos
C дәрумені тұмау мен суық тиюдің алдын алатын ғажайып құрал емес. Бірақ оны үнемі ішіп жүрсеңіз, аурудың уақытын аздап қысқартып, жеңіл өтуіне көмектеседі, деп хабарлайды NoFake.kz SciTechDaily ғылыми басылымына сілтеме жасап.
Күз келіп, ауа-райы суый бастағанда кей адамдар «ауырып қалмайын» деп дереу C дәруменін іздей бастайды. Бұл сенімнің қалыптасуына екі мәрте Нобель сыйлығын алған америкалық ғалым Линус Полингтің еңбектері әсер етті.
1970 жылы ол C дәрумені туралы кітап жазып, күніне 1000–2000 мг, ал тұмаудың алдын алу үшін одан да көп ішуге кеңес берді. Алайда кейінгі ғылыми зерттеулер бұл үлкен мөлшердің вирустан толық қорғай алмайтынын көрсетті.
Зерттеулер нені анықтады?
11 мыңнан астам адам қатысқан 29 түрлі зерттеуді қамтыған Cochrane жүйелі шолуы мынаны көрсетті: C дәруменін үнемі ішіп жүру жалпы халықтың тұмаурату жиілігін азайтпайды. Дегенмен, тұмаудың 10 мыңға жуық жағдайын қамтыған 31 зерттеуде бұл дәруменді тұрақты қабылдағандардың ауруы біршама тезірек өтетіні анықталған. Бұл әсер әсіресе марафоншылар, шаңғышылар мен әскерилер сияқты қатты физикалық жүктемеге жиі ұшырайтын адамдарда жақсы байқалды. 598 адам қатысқан бес зерттеуде C дәрумені тұмауға шалдығу қаупін шамамен екі есе азайтқан.
«Осылайша, осы екі метаанализ негізінде Полингтің бастапқы кеңесі асыра сілтенген деп айтуға болады. Дәрумен С суық тию ауруларының қаупін төмендететініне ешқандай дәлел жоқ», — деп жазады SciTechDaily.
Шолу авторлары C дәруменін үнемі ішіп жүру ересектерде ауру уақытын шамамен 8%-ға, ал балаларда 14%-ға қысқартуы мүмкін екенін атап өтеді. Алайда ауру белгілері басталғаннан кейін бұл дәруменді ішудің ешқандай тұрақты нәтижесі жоқ, ол сырқаттың ұзақтығына немесе ауырлығына әсер етпейді.
Демек, «ауырып қалмау үшін» немесе «тез жазылайын» деп C дәруменіне үміт артудың қажеті жоқ. Оның қандай да бір пайдасы болса, тек алдын ала, ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде ішіп жүргенде ғана байқалады.
Дәруменді көп ішсе, пайдасы да көбірек бола ма?
C дәруменін шамадан тыс көп қабылдау қорғанысты күшейтпейді, керісінше зиян тигізуі мүмкін. Көп ішсеңіз, оның жағымсыз әсері де болуы мүмкін.
«С дәруменінің жоғары дозаларын (күніне 1000 мг-нан астам) тұрақты түрде қабылдау диарея, жүрек айну, асқазанның түйілуі және іштің кебуі сияқты асқазан-ішек жолдарының проблемалары мен басқа да жанама әсерлердің туындау қаупін арттыруы мүмкін», — деп хабарлайды басылым.
C дәрумені көпшілікті суық тиюден сақтай алмайды. Тек үнемі ішіп жүрсеңіз, ауырған кезде белгілері білінер-білінбес тезірек өтуі мүмкін. Бұл — бәріне бірдей көмектесе беретін сиқырлы дәрумен емес.


