NoFake

Астана тұрғыны досының көлігін сыртынан сатып жіберген: фейк сатылым схемасы қандай

Фото: Depositphotos

Астанада 29 жастағы ер адам танысына тиесілі көлікті суретке түсіріп, кейін оны басқа адамға сатып жіберді деген күдікке ілінді. ІІМ мәліметінше, күдікті көліктің өзіне тиесілі емес екенін сатып алушыдан жасырған, деп хабарлайды NoFake.kz.

Схема қалай жұмыс істеген?

Полиция мәліметінше, күдікті бұрыннан таныс адамның сеніміне кіріп, оған тиесілі ақ түсті Toyota Camry көлігін суретке түсірген. Кейін сол фотоларды пайдаланып, көлікті басқа танысына арзан бағаға ұсынған. Яғни сатылымға қойылған көлік те, оның суреттері де шынайы болған. Алайда сатушы өзін көлікті сатуға құқығы бар адам ретінде көрсеткен. Полиция дерегінше, күдікті көліктің өзіне тиесілі емес екенін сатып алушыға айтпаған.

Осылайша, бұл жағдайда фейк көліктің өзіне емес, сатушы ұсынған ақпаратқа қатысты болған.

«Осының салдарынан көлік иесіне 11 миллион 500 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды», — делінген полиция хабарламасында.

Қазір 29 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Мұндай фейк сатылымнан қалай сақтануға болады?

Бұл жағдай интернеттегі көлік фотосының шынайы болуы сатушының да шынайы екенін білдірмейтінін көрсетеді. Сондықтан мәміле жасамас бұрын көліктің кімнің атына тіркелгенін және оны сатып отырған адамның көлікке қандай қатысы барын тексерген жөн. Полиция көлік құралын үшінші тұлғаға берген кезде барлық келісімді заң талаптарына сай рәсімдеуге шақырады. Тіпті таныстар арасындағы келісімді де құжат жүзінде бекіту ұсынылады.

Оқу үшін