Балаева Құрылтай сайлауында қазақстандықтардың белсенділігін атап өтті

Фото: Асан Төлеуов
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Құрылтай сайлауында дауыс беріп, қазақстандықтардың белсенділігін атап өтті, деп хабарлайды NoFake.kz.
Оның сөзінше, таңертеңнен бері әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізіліп жатыр. Онда азаматтардың белсенділігі байқалады.
«Бұл әрбір азаматтың өзінің және еліміздің болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді», — деді Аида Балаева.
Сондай-ақ ол елдің болашағын айқындау мүмкіндігі азаматтарды «бақытты халық» ететінін атап өтті.
«Жалпы, біз бақытты халықпыз, өйткені өз болашағымызды айқындауға мүмкіндігіміз бар. Мұндай ахуалды сайлауда да, халықтық Конституция үшін дауыс берген референдумда да көрдік», — деді министр.
Балаеваның айтуынша, азаматтар өздерінің құндылықтары мен басымдықтарын жақсы біледі. Ол елдегі бірлік пен тұрақтылықты бағалауға шақырды.
«Біз мұны бағалап, тұрақтылығымызды сақтауымыз керек. Әрине, прогрессивті әрі әділетті Қазақстан құруға ұмтылып отырған Мемлекет басшысының барлық бастамасын қолдап, Президентіміздің айналасына топтасуымыз қажет», — деп қорытындылады ол.
Еске салайық, 23 тамызда Қазақстанда ел тарихындағы жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр. Оның құрамына партиялық тізім бойынша бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді. Сайлауға жеті саяси партия мен 545 кандидат тіркелген.


