Шоттан ақша алынып жатыр: Freedom банкі себебін түсіндірді

Фото: rtvi.com
Әлеуметтік желіде Freedom банк клиенттері шоттарынан ақша алынып жатқанын, оның себебі неде екенін білмей, көп пікір қалдырған. Nofake.kz мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
Желі неге шулады?
Банк клиенттерінің айтуынша, олардың шотынан түрлі сомадағы қаражат жоғала бастаған. Кейбіреу мұндай жағдай бұған дейін де болғанын жазса, енді бірі аталған жайтпен алғаш рет кездесіп отырғанын мәлімдеген.

Банк не дейді?
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін, банктің баспасөз қызметіне хабарластық. Банк өкілдері ресми мәлімдеме жасады.
«10 тамызда серіктестердің бірі тарапынан орын алған қысқа мерзімді техникалық ақаудың салдарынан Freedom банкінің кейбір клиенттерінің шотындағы қаражат қалдығы қате көрсетілді. Бұл ақау тек техникалық сипатта болды және ол клиенттер қаражатының жоғалуымен немесе шоттан нақты есептен шығарылуымен байланысты емес», — делінген хабарламада.
Банк клиенттердің қаражаты толық қауіпсіздікте екенін, шоттардағы дұрыс қалдық сома жақын арада көрсетіледі деп сендірді.
«Банк Қазақстан Республикасының Ұлттық төлем корпорациясымен (ҚР ҰТК) бірлесіп, деректерді реттеу және синхрондау бойынша қажетті рәсімдерді жүргізді. Қазіргі уақытта шоттардағы қалдықтар туралы ақпарат түзетіліп, сәйкестендірілді. Клиенттердің барлық операциялары қалыпты режимде өңделіп жатыр», — деп түсіндірді мамандар.
Ұлттық төлем корпорациясының мәлімдемесі
«Аталған жағдай анықталған сәттен бастап Ұлттық төлем корпорациясы мен банк мамандарының бақылауында болды. Деректерді синхрондау бойынша қажетті рәсімдер жүргізілді, жүйелердегі ақпарат сәйкестендірілді. Қазіргі уақытта барлық сервис қалыпты режимде жұмыс істеп тұр», — делінген ведомство хабарламасында.
Банктегі ақаулар кибершабуылдардан болуы мүмкін бе: вице-министр жауабы
Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин банк жұмысындағы техникалық ақаулар кибершабуыл немесе банк жүйесінің бұзылуына байланысты болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, ақау банктің ішкі бағдарламалық жасақтамасындағы техникалық мәселелерден туындаған. Вице-министр бұл жағдайды ақпараттық қауіпсіздікке төнген қатер немесе дербес деректердің таралу қаупімен байланыстырмайтынын айтты.
«Бұл — ішкі бағдарламалық жасақтамаға байланысты техникалық мәселе. Кибершабуыл да, ақпараттық қауіпсіздікке қатысты тәуекел де болған жоқ», — деді Ростислав Коняшкин.
Түйін
Осылайша, Freedom Bank-тегі ақаулар техникалық сипатта болған. Банк пен Ұлттық төлем корпорациясы шоттардағы ақпаратты реттеп, жүйелердің қалыпты жұмысын қалпына келтіргенін хабарлады. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл жағдайдың кибершабуылға немесе дербес деректердің таралуына қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен қатар банк ақаудан зардап шеккен клиенттерге бір айлық Platinum мәртебесін ұсынатынын хабарлады.


