NoFake

Жалған сыйлықтан зиянды ойынға дейін: балаларды алдайтын бес алаяқтық схема

Фото: Depositphotos

Жазғы демалыс кезінде балалар интернетте көбірек уақыт өткізеді. Осыны пайдаланған алаяқтар оларды жалған сыйлықтар, ойын ішіндегі бонустар мен түрлі ұтыстар арқылы алдап, ата-аналарының ақшасы мен жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ескертті.

Агенттік мәліметінше, қаскөйлер әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, мобильді ойындар мен бейне платформаларды белсенді пайдаланады. Балаларға тегін ойын валютасы, сыйлықтар, конкурстар немесе оңай табыс ұсынған болып, оларды күмәнді сілтемелерге өтуге, банк картасының деректерін енгізуге немесе құрылғыға зиянды қосымша орнатуға итермелейді.

ҚМА атаған ең көп таралған бес схема:

1. Жалған ұтыстар мен сыйлықтар.
Балаға қымбат сыйлық немесе ұтыс ұтқаны туралы хабарлама келеді. Оны алу үшін сілтемеге өту немесе банк картасының деректерін енгізу ұсынылады.

2. Таныстың атынан жазылған хабарлама.
Алаяқтар өзін досы, туысы немесе танымал блогер ретінде таныстырып, ақша аударуды, SMS-кодты жіберуді немесе басқа әрекет жасауды сұрайды.

3. Зиянды ойындар мен қосымшалар.
«Тегін», «жарнамасыз» немесе «барлық мүмкіндігі ашық» ойындарды жүктеуді ұсынып, құрылғыға зиянды бағдарлама орнатады.

4. Жалған сайттар.
Ойын платформалары немесе интернет-дүкендерге ұқсас сайттар арқылы пайдаланушылардың жеке және банктік деректерін жинайды.

5. Құрылғыдағы деректерге қол жеткізу.
Кейбір қосымшалар геолокацияны, фотосуреттерді, байланыс тізімін немесе басқа мәліметтерді көруге рұқсат сұрайды. Кейін бұл ақпарат алаяқтық әрекеттерде пайдаланылуы мүмкін.

Агенттік әсіресе баланың смартфоны ата-анасының банк қосымшаларымен немесе төлем сервистерімен байланыстырылған жағдайда қауіп арта түсетінін атап өтті. Егер құрылғыға зиянды бағдарлама орнатылса, алаяқтар қаржылық ақпаратқа және ақша қаражатына қол жеткізуі ықтимал.

«Балаларға интернетте жеке деректерді, құпиясөздерді және SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге беруге болмайтынын түсіндіру маңызды. Кез келген күмәнді хабарлама, қоңырау немесе ұсыныс кездессе, олар бірден ата-анасына хабарлауы керек», – деп кеңес береді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Ведомство тәуекелдерді азайту үшін ата-аналарға балалармен интернеттегі қауіпсіздік ережелерін тұрақты талқылауды, қосымшаларды тек ресми дүкендерден орнатуды, антивирустық бағдарламаларды пайдалануды, ата-аналық бақылау функциясын қосуды және балалардың цифрлық әрі қаржылық сауаттылығын арттыруды ұсынды.

Оқу үшін