NoFake

«Торпедо» әйелдер хоккей командасы таратылады деген ақпарат – жалған

Фото: qyz.ligasy.kz

Әлеуметтік желілерде «Торпедо» әйелдер хоккей командасы таратылатыны туралы жалған ақпарат тарады. Шығыс Қазақстан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Мұны басқарманың жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві бөлімінің басшысы Аида Жұханова да растады.

«Команданың қызметін тоқтату туралы ауызша да, жазбаша да ешқандай хабарлама болған жоқ. Қазіргі уақытта команданың жұмысын жалғастыру және облыс құрамасының алдағы Qyzdar Hokei Ligasy чемпионатына қатысуы жоспарланған», – деді Аида Жұханова.

Өз кезегінде әйелдер хоккей командасының бас бапкері Мария Федоренко да басқарма тарапынан команда толық көлемде қаржыландырылып отырғанын айтты.

«Спортшылар мен жаттықтырушылар құрамының жалақысы уақытылы төленеді. Сондай-ақ оқу-жаттығу үдерісіне қажетті материалдық-техникалық база толық қамтамасыз етіліп, алдағы чемпионатқа қатысу шығындары да қарастырылған», – деп атап өтті Мария Федоренко.

Шығыс Қазақстан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.

Ведомствоның мәліметінше, «Торпедо» әйелдер хоккей командасы штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта жаңа маусымға және Qyzdar Hokei Ligasy чемпионатына дайындық жоспарға сай жүргізілуде.

Оқу үшін