NoFake

OLX-тегі заңсыз қаржылық жарнама схемасы қалай жұмыс істеген

Фото: пресс-служба АФМ

Қостанай облысында OLX және Instagram платформаларындағы жарнамалар арқылы азаматтарға жоғары пайызбен қарыз ұсынып келген заңсыз қаржылық схема әшкереленді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Сот лицензиясыз микрокаржылық қызмет ұйымдастырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырған жергілікті тұрғынға үкім шығарды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, күдікті заңнамада көзделген лицензиясыз мүлікті кепілге қою арқылы қарыз беру қызметін ұйымдастырған. Клиенттерді тарту үшін OLX және Instagram платформаларында жарнамалар орналастырып, қаржылық қиындыққа тап болған әрі банктерден несие ала алмаған азаматтарды нысанаға алған.

«Азаматтардың ауыр материалдық жағдайын және екінші деңгейлі банктерден несие ала алмауын пайдаланып, оларға жылдық мөлшерлемесі 120%-ға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз берген», – деп хабарлады ҚМА.

Тергеу барысында қарыз шарттарының да қолдан ұлғайтылып рәсімделгені анықталған. Нотариат куәландырған құжаттарда нақты берілген қарыз сомасының орнына алдын ала есептелген сыйақы, рәсімдеу шығындары мен басқа да төлемдер енгізіліп, қарыз көлемі негізсіз көбейтілген.

Мәселен, жәбірленушілердің бірі іс жүзінде 9 млн теңге алғанымен, келісімшартта 14 млн теңге көрсетілген. Кейін оған ешқандай қаражат берілмесе де, тағы 18 млн теңге көлеміндегі қарыз туралы шарт жасалған. Соның нәтижесінде сот шешімімен азаматтан жалпы 26 млн теңге өндірілген.

ҚМА мәліметінше, осы схема арқылы 50-ден астам азамат өздері үшін тиімсіз шарттармен қарыз міндеттемелеріне тартылған. Ал қылмыстық жолмен алынған кіріс көлемі 1 млрд теңгеден асқан.

Сот үкімімен айыпталушы 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ қылмыстық табысқа сатып алынған төрт пәтер, екі жер учаскесі, Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500 және Hyundai Santa Fe автокөліктері мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оқу үшін