NoFake

Тойдағы даулы тост: ІІМ қылмыстық іс қозғады

Фото: polisia.kz

ҚР Ішкі істер министрлігі тойда діни алауыздық тудыратын тост айтқан азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар жария мәлімдемелері қамтылған бейнежазба анықталған. Қазіргі таңда, аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.

«Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз етеді», — делінген ведомство хабарламасында.

ҚР ІІМ адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулер, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейтінін ескертеді.

«ІІМ сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтеді. Заң талаптарын бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық баға беріледі», — делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, күні кеше желіде тойда тост сөйлеп, «Музыка — бәле, әншілер шайтанның азаншысы, ұрғашылар бөлек отырсын» деген бейнежазба тараған еді. Оған қатысты Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Ерлан Қарин пікір білдіріп, мұндай діни алауыздыққа жол берілмеуі қажет екенін ескерткен еді. Бүгінгі таңда ІІМ аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғағаны анықталды.

Оқу үшін