Бас прокуратура «Әділет» партиясына қатысты баспасөз хабарламасын жоққа шығарды

Фото: Gov.kz
Бас прокуратура әлеуметтік желі мен бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында тараған «Әділет» саяси партиясының қызметіне қатысты тексеру нәтижелері туралы баспасөз хабарламасын жарияламағанын мәлімдеді.
Ведомство аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, жалған мәліметті таратқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Бұл көрінеу жалған ақпарат. Бас прокуратура мұндай сипаттағы баспасөз хабарламасын жариялаған жоқ және «Әділет» саяси партиясының қызметіне қатысты ешқандай тексеру жүргізбеген», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«»Масс-медиа туралы» және «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңдарына сәйкес журналистер мен онлайн-платформаларды пайдаланушылар ақпараттың анықтығын тексеруге және оның жалған әрі құқыққа қайшы екені анықталған жағдайда оны таратпауға міндетті», – деп атап өтті ведомство.
Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын заң талаптарын сақтауға, жалған әрі құқыққа қайшы ақпарат таратпауға және ведомствоның ресми интернет-ресурсында жарияланған ақпаратқа ғана сенуге шақырды.


