Алаяқтар танымал онлайн сауда алаңдарында ЖИ көмегімен қалай алдайды

Коллаж: NoFake.kz
Интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері көбейіп келеді. Қылмыскерлер енді жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндіктерін пайдаланып, азаматтарды алдаудың күрделі тәсілдеріне көшкен. Бұл туралы Абай облысының Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар танымал онлайн сауда алаңдарында жалған хабарландырулар жариялап, тұрмыстық техника, телефон, жиһаз және басқа да тауарларды сататынын айтып, сатып алушылармен байланысқа шығады.
Сенімге кіру үшін олар «тауар дайын тұр», «курьер алып кетуге келеді», «ақшаны қазір аударсаңыз, жеткізуді ұйымдастырамыз» деген сылтауларды пайдаланады. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен жасалған фотосуреттерді, құжаттарды немесе бейнематериалдарды «дәлел» ретінде жіберуі мүмкін.
«Мұндай жағдайда басты мақсат – азаматты асықтырып, тауарды көрмей тұрып алдын ала ақша аудартуға мәжбүрлеу», – деп ескертті полиция.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары интернет арқылы сауда жасағанда бейтаныс адамдарға сенбеуге, тауарды өз көзімен көрмей алдын ала төлем жасамауға шақырды. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк картасының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды және жеке мәліметтерді ешкімге бермеу керектігін еске салды.


