NoFake

Экс-Мәжіліс депутаттары қайда жүр, қос палата аппараты жұмыс істеп тұр ма: анықтадық

Фото: gov.kz

Әлеуметтік желіде Мәжілістің экс-депутаттарының қайда жүргені, жалпы Мәжілістің Орталық аппаратының жұмысы жайлы жиі талқыланады. Nofake.kz аталған сұраққа жауап іздеп көрді.

Экс депутаттар қайда жүр: әлеуметтік желіде пікірлер қандай?

Көпшілік бұрынғы Мәжіліс депутаттарының қайда және немен айналысып жүргенін жиі талқылайды. Желіде, сондай-ақ, депутаттардан бөлек, Орталық аппараттың жұмысы тақырыбы да жиі талқыланады.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Мәжіліс аппараты жұмыс істеп тұр ма: ведомство жауабы

«ҚР Мәжілісінің Орталық аппараты жұмыс істер тұр ма?» деген сауалды алдымен Мәжілістің баспасөз қызметіне хабарласып білдік. Ондағылар еңбек демалысында екенін, жұмысқа тек 20-шы тамызда шығатынын атап өтті. Сондай-ақ, Құрылтай туралы заңға сәйкес, «Құрылтай Аппараты – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының құқықтық мирасқоры» екенін атап өтті.

«Аталған Заң 1-шілдеден бастап күшіне енді», — деді Мәжілістің баспасөз қызметінің өкілдері.

Депутаттардың өздері не дейді?

ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Абзал Құспан «бүгінде тараған Мәжілістің орталық аппараты жұмыс істей ме?» деген сауалға заңгер ретінде жауап берді.

«Қазір аппарат жұмыс істемеуі тиіс. Ал, жұмыс істесе болашақ Құрылтайға дейін, уақытша режимде жұмыс істеуі керек. Себебі, ағымдағы жұмыстар болуы мүмкін, мысалы өзім әлі еңбек кітапшамды алған жоқпын. Сол сияқты мәселелерді шешу үшін, аппараттың бір бөлігі уақытша режимде жұмыс істеуі ықтимал. Осындай ағымдағы жұмыстар аяқталып жатса, аппарат жұмысын тоқтатуы керек», — деп түсіндірді экс-депутат.

Сонымен бірге депутат, ол мәселе заңмен реттелмейтінін атап өтті.

«Заңда мына мерзімде Сенат пен Мәжілістің біріктірілуі аяқталуы керек деп жазылмайды. Яғни, ондай заң жоқ. Сенат пен Мәжіліс аппараты қажеттілігіне қарай жұмыс істейді деп ойлаймын», -деді ол.

Абзал Құспан қазіргі таңда өзінің де немен айналысып жатқанын түсіндірді.

«Қазір жеке жобаларымды дайындап жатырмын. Қазан айына дейін демалыста боламын. Онлайн-кеңес беру бағытында, Қазақстанда алғашқылардың бірі болып, сондай қызметті ашуды жоспарлап отырмын. Бірақ оның бәрі тек жоба, жоспар ғана. Бәлкім, мемлекеттік қызметке байланысты тиімді ұсыныстар түсіп жатса, бұл жобаны бастамауым да мүмкін», — деді заңгер.

Саясаттанушы пікірі

Саясаттанушы Талғат Қалиев та аталған сұраққа қатысты өз жауабын айтты.

«1-ші шілдеден бастап Жаңа Конституция күшіне енгеніне орай және ескі Конституция өз күшін жойғанына байланысты, онымен бірге Сенат, Мәжіліс те өз өкілеттігін тоқтатты. Депутаттар да Мәжіліспен бірге тараған соң, қазіргі таңда қызметтерінен кетіп, айлық алмауы керек», — деді ол.

Сонымен бірге ол қазір бұрынғы депутаттардың немен айналысып жатқанына да тоқталып өтті.

«Партиялық тізімге енген депутаттар үгіт-насихат жұмыстарына қатысып жатса, ал енбегендер басқа салаға ауысып жатыр деп ойлаймын», — деді ол.

Түйін

1 шілдеден бастап «Құрылтай туралы» заң күшіне енгенімен, Мәжіліс аппаратының қызметі толық тоқтатылғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Мәжілістің баспасөз қызметі Құрылтай аппараты Мәжіліс аппаратының құқықтық мирасқоры екенін мәлімдеді. Ал сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезеңде аппарат тек ағымдағы ұйымдастырушылық мәселелерді шешу үшін уақытша жұмыс істеуі мүмкін. Сонымен қатар, жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты бұрынғы депутаттардың өкілеттігі тоқтатылып, олардың бір бөлігі сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кіріссе, енді бір бөлігі өзге қызметтерге ауысқан.

Оқу үшін