Каспий құбыры консорциумы танкерлерге шабуыл жасалғанын мәлімдеді

Фото: www.vesselfinder.com
«Теңізшевройл» компаниясының мұнайын тиеп жатқан танкер Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалында шабуылға ұшырады. Компанияның мәліметінше, ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққысынан кейін шыққан өрт жедел түрде сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды NoFake.kz.
2026 жылғы 30 шілдеде Мәскеу уақыты бойынша сағат 01:48-де Маршалл аралдарының туы астында жүзетін NIFFOS SIFNOS танкері КҚК теңіз терминалындағы ВПУ-3 қалқымалы тиеу құрылғысында ТОО «Теңізшевройл» (Chevron) компаниясының мұнайын тиеу кезінде террористік шабуылға ұшырады.
КҚК мәліметінше, ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққысы салдарынан танкердің жүк палубасындағы мұнай қабылдайтын манифольдтар орналасқан аумақта өрт шыққан. Өрт танкер экипажы мен КҚК-ның үш көмекші кемесінің күшімен сөндірілді.
«КҚК қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың арасында зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілген жоқ. Танкер экипажына медициналық көмек көрсету немесе эвакуациялау қажеттілігі туындамады. Кеме жүзу қабілетін сақтап қалды, қазіргі уақытта келтірілген залалға бағалау жүргізілуде. Мұнай тиеу тоқтатылды, алайда мұнай құбырының нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – деп хабарлады КҚК.
Компанияның мәліметінше, КҚК теңіз терминалынан алты теңіз милі қашықтықтағы Ресейдің аумақтық суларында терминалға мұнай тиеуге бағыт алған Мэн аралының туы астында жүзетін MARATHI танкеріне де шабуыл жасалған.
«Осылайша ҚР және КҚК-ның басқа да шетелдік акционерлерінің, соның ішінде АҚШ Мемлекеттік департаменті арқылы халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына күш қолдануға жол бермеу туралы үндеулері ескерусіз қалды. Бұл жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, энергетикалық ресурстардың халықаралық саудасының үздіксіз тетіктерін бұзады әрі ҚР, КҚК-ның батыстық акционерлерінің және жүк жөнелтуші компаниялардың, оның ішінде Chevron, ExxonMobil, Eni, TotalEnergies, Shell және басқа да компаниялардың экономикалық мүдделеріне елеулі зиян келтіреді», – делінген КҚК хабарламасында.
КҚК өкілдері мұндай террористік шабуылдар халықаралық танкерлер экипаждарының өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, Қара теңіз акваториясында елеулі экологиялық қатер туғызатынын атап өтті. Себебі тиеу құрылғылары орналасқан аумақта танкерге жасалған соққы бүкіл кеменің өртенуіне және мұнайдың ірі көлемде теңізге төгілуіне әкелуі мүмкін еді.


