COVID-19 вирусын антибиотиктермен емдеуге бола ма?

Фото: Depositphotos
Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19-ды антибиотикпен емдеуге болады деген пікірді жоққа шығарды. Ведомство антибактериялық терапия тек бактериялық инфекция анықталған жағдайда ғана тағайындалатынын еске салды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Министрліктің мұндай түсініктеме беруіне коронавирус бактериядан туындайды, демек оны антибиотиктермен емдеу керек деген кең таралған тұжырым себеп болды. Мамандар бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтады.
«Коронавирус инфекциясы бактериялардан туындайды деген тұжырым – фейк. Ауруды SARS-CoV вирустары қоздырады. Антибиотиктер бактериялық инфекцияны емдеуге арналған және вирустарға әсер етпейді. Антибактериялық терапия тек медициналық көрсеткіштер бойынша тағайындалады, бактериялық инфекция болған жағдайда қолданылады», — деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Салтанат Бекқожина.
Ведомство мәліметінше Қазақстанда COVID-19 науқастары бекітілген клиникалық хаттамаларға сәйкес емделеді. Дәрігер әр науқасты емдеу тактикасын науқастың жағдайы мен медициналық көрсеткіштері негізінде қолданады.
Салтанат Бекқожинаның айтуынша, еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Биыл жыл басынан елде COVID-19 індетінің 46 жағдайы тіркелді, ал өткен жылдың осы уақытында 735 жағдай анықталған болатын. Вирус жұқтырғандар саны биыл 16 есе азайған.
Сондай-ақ, министрлік коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты бақылауда екенін атап өтті.


