NoFake

«Жасанды интеллект» және «токенделген алтын»: Алаяқтар жаңа жалған табыс көзін ұсынады

Фото: Depositphotos

«Токенделген алтын», «табысы жоғары жасанды интеллект өнімі». Үнемі ізденісте жүретін алаяқтар адамдарға жаңа жалған инвестициялық жобаның «тұсауын кесті». Бұл туралы еліміздің Ұлттық банкі ескертті, — деп хабарлайды NoFake.kz.

Алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде инвестициялық компаниялардың өкілі ретінде оңай олжаны насихаттайды. Азаматтарды сендіру үшін «токенделген алтын», «табысы жоғары жасанды интеллект өнімі» немесе «нейрожелідегі робот-трейдер» арқылы кепілдік берілген табыс табуға шақырады.

«Алаяқтар өзін қаржы кеңесшісі ретінде таныстырып, «инвестициялық платформа» немесе «криптосервистің» жоғары табыстылығы туралы жалған статистиканы көрсетеді және брокерлік немесе криптовалюта платформасының сайтын имитациялайтын сайтқа тіркелуге көмектеседі. Мұндай сайттарда шынайы инвестициялық қызметтің көрінісі жасалады: графиктер, мәмілелер тарихы, жеке кабинет пен қолдау чаты көрсетіледі», — дейді мамандар.

 Қаскөйлер бастапқыда адамның сеніміне кіру үшін аз ғана пайыз «пайда» табуға уәде береді, кейін ірі көлемде ақша салуға көндіреді.

«Шоттағы сома көбейген кезде ақшаны шешуге тыйым салып, «салық» пен «комиссия» төлеуді талап етіп, соңында байланысты үзіп тастайды», — деп ескертті Ұлттық банк өкілдері.

Ұлттық банк азаматтарды қырағы болуға шықарады.

«Еске сала кетейік, Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және бейнеқоңыраулар жасамайды, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, ақша қаражатын пайлық инвестициялық қорларға және өзге де қаржы өнімдеріне инвестициялауды ұсынбайды, ақша қаражатын сақтандырумен айналыспайды, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысуларды жүзеге асырмайды», — дейді олар.

Егер сіз осындай алаяқтық әрекеттерге тап болсаңыз, дереу полицияға арыз жазыңыз. Сондай-ақ толық ақпарат пен кеңес алу үшін Ұлттық Банктің 1477 қысқа нөміріне хабарласуға болады.

Оқу үшін