«Жылу есептегішті жаңартамыз»: Алаяқтардың жаңа әдісі

Фото: Depositphotos
Коммуналдық қызметтің атын жамылған алаяқтар әлі де қоңырау шалып, азаматтарды шатастырып жатыр, деп хабарлайды NoFake.kz Polisia.kz сілтеме жасап.
«Соңғы уақытта алаяқтар өздерін жылумен жабдықтау коммуналдық қызметтерінің қызметкерлері ретінде таныстырып, тұрғындарға қоңырау шалып жатыр. Олардың мақсаты – сіздің жеке деректеріңізге немесе банк шоттарыңызға қол жеткізу», -деп хабарлады полиция.
Мамандардың айтуынша, алаяқтар «жылу есептегішті тіркеу қажет», «сіз бұрын өтінім қалдырғансыз», «құжаттарды жаңарту қажет», «сізде берешек бар немесе жеңілдік рәсімдейміз» деген сөзді жиі қолданады. Олар осындай әдіспен сенімге кіріп, телефонға келетін SMS-кодты сұрайды. Алаяқтар сол код арқылы банк қосымшасына, мемлекеттік қызмет көрсететтін аккаунтқа кіруі және сіздің атыңыздан заңсыз әрекет жасауы мүмкін. Сондықтан SMS-кодты ешкімге айтуға болмайды. Айтып қойған күннің өзінде кеш емес, егер тұтқаның арғы жағында тұрған «құтқарушы», «көмекші» кейіптегі алаяқтың айтқанын орындаудан бас тартсаңыз.
Сондықтан міндетті түрде кім қоңырау шалып тұрғанын тексеріңіз, SMS-код, банк картасының деректерін, CVV-кодты және жеке ақпаратты ешкімге бермеңіз, күмән туған жағдайда, әңгімені бірден үзіп, ұйымның ресми нөміріне хабарласыңыз. Бейтаныс адамдардың айтуымен ешқандай қосымша орнатпаңыз және сілтемені ашпаңыз.
Полиция коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындардан ешқашан SMS-код сұрамайтынын ескертеді. Егер сізге осындай күмәнді қоңырау келсе, әңгімені дереу тоқтатыңыз, кодты хабарламаңыз, оның алаяқ екенін байқасаңыз, полицияға хабарласыңыз.


