ІІМ жасөспірімдерге әлеуметтік желідегі қауіп туралы ескерту жасады

Фото: ІІМ
Ішкі істер министрлігі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде жеке деректерін қорғап, интернеттегі ықтимал қауіптерден сақтануға кеңес берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік желілерде шамадан тыс ашық болу адамның қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан жасөспірімдер мекенжайы, телефон нөмірі, оқитын мектебі, сабақ кестесі және нақты орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді жарияламауы керек.
«Геолокацияны көрсететін фото мен стористі нақты уақыт режимінде салмаңыз. Ондай материалдарды сол жерден кеткеннен кейін ғана бөліскен дұрыс», – деп ескертеді ІІМ.
Сондай-ақ ведомство әлеуметтік желідегі достар қатарына тек жеке танитын адамдарды қосып, парақшаның құпиялық баптауларын реттеуге кеңес береді. Жарияланымдарды мүмкіндігінше тек сенімді адамдар көретіндей етіп қойған жөн. Бейтаныс адамдарға жеке фотосуреттерді, құжаттарды немесе басқа да құпия ақпаратты жібермеу керек.
Егер желідегі бейтаныс адам жеке мәліметтерді сұрап, жасөспірімнің қайда жүргенін білетінін айтса, шамадан тыс назар аударса немесе қорқытуға тырысса, ІІМ онымен байланысты дереу тоқтатып, аккаунтын бұғаттауды ұсынады. Мұндай жағдай туралы ата-анаға, заңды өкілге немесе сенім артатын ересек адамға хабарлау қажет.
«Сіздің қауіпсіздігіңіз жазылушылар саны мен лайктардан әлдеқайда маңызды», – деп атап өтті министрлік.
ІІМ цифрлық ортадағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау жеке деректердің таралуына жол бермеуге және интернеттегі ықтимал қауіптердің алдын алуға көмектесетінін еске салды.


