Жұмыс берушілердің ГПХ бойынша жауапкершілігі: Еңбек инспекциясы түсіндірді

Фото: Depositphotos
Астанада Еңбек инспекциясы еңбек шарттарын бірыңғай тіркеу жүйесіне уақытылы тіркемеген, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт тасасына жасырынған және жалақы кешіктірген жұмыс берушілерге әкімшілік айыппұл салынатынын ескертті, деп хабарлайды NoFake.kz
Бұл туралы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов мәлімдеді. Маманның айтуынша, 2026 жылдың 8 маусымынан бастап АҚС (ГПХ) келісімшартында еңбек шартының белгілері болса, ол автоматты түрде ресми еңбек шарты деп танылады.
Енді жұмыс берушілер азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт арқылы еңбек қатынастарын жасыра алмайды. Егер шартта жұмысшының мекеме тәртібіне бағынуы, белгілі бір лауазым бойынша міндетті өзі орындауы немесе тұрақты айлық алуы көрсетілсе, ол – толыққанды еңбек шарты. Мұндай құжаттар тез арада Еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) тіркелуі тиіс.
Мәліметтерді жүйеге қашан және қалай енгізу керек?
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші еңбек шартын жасасу, өзгерту немесе тоқтату туралы ақпаратты бірыңғай жүйеге (ЕСУТД) міндетті түрде енгізуі тиіс. Жүйеде тараптардың реквизиттері, жұмыс орны, еңбек шартының мерзімі және жүктілікке немесе бала асырап алуға байланысты демалыстар тіркелуі қажет.
«Жаңадан жасасқан еңбек шарттары туралы мәліметтер еңбек шартына екі тарап қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей ЕШЕБЖ-ге енгізілуі тиіс. Ал еңбек шартына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратты жұмыс беруші оларға қол қойылған сәттен бастап 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей жүйеге енгізуі қажет. Бұл ретте еңбек шартының тоқтатылуы туралы ақпарат ЕШЕБЖ-ге еңбек шарты тоқтатылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізіледі», — деді Мұрат Шәкенов.
Мәліметтерді уақытылы енгізбеу, толық ұсынбау немесе бұрмаланған ақпарат бергені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 98-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Азаматтық келісімшарттары қашан еңбек шарты болып саналады?
Биылғы жылдың 8 маусымынан бастап күшіне енген заңнамалық түзетулерге сәйкес, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартта еңбек шартының кемінде бір белгісі болса, ол автоматты түрде еңбек шарты болып танылады.
Еңбек шартының негізгі белгілері:
Белгілі бір мамандық немесе лауазым бойынша жұмыс істеу;
Міндеттерді жеке өзі орындап, мекеменің ішкі еңбек тәртібіне бағыну;
Тұрақты түрде жалақы алу.
Мұрат Шәкенов бұл мәселеге қатысты жұмыс берушілерге арнайы ескерту жасады.
«2026 жылғы 7 сәуірде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды еңбек шарты деп тануға қатысты өзгерістер қабылданды. Егер шартта еңбек шартына тән бір немесе бірнеше белгі болса, оның атауына қарамастан, ол еңбек шарты болып есептеледі. Сондықтан жұмыс берушілер АҚС шарттарын дұрыс рәсімдеп, еңбек шартының белгілері болған жағдайда мәліметті ЕШЕБЖ-ге енгізуі қажет», – деді басшы орынбасары.
Жартыжылдықтағы еңбек инспекциясының нәтижелері
Сонымен қатар, баспасөз конференциясы барысында Астана қаласы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларының 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстары да қорытындыланды.
- 164 млн теңгеден астам жалақы қарызы қайтарылып, 305 қызметкердің құқығы қорғалды.
- Азаматтардан түскен 6 090 өтініш қаралып, 224 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
- Тексерулер нәтижесінде заңбұзушылықтарды жою туралы 98 ұйғарым берілді.
- Заң бұзған 96 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы көлемі 18 млн теңге айыппұл салынды.
Айта кетейік, біз бұған дейін еңбек кітапшасысыз жұмысқа тұруға бола ма деген сауалға жауап берген болатынбыз.


