NoFake

Сайлау туралы жалған ақпарат: ОСК қалай күреседі және нені білу керек

Фото: pixabay.com

Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанында жалған ақпаратпен қалай күресетінін, фейк шыққан сәтте қайда хабарлау қажеттігін және заңды бұзған сәтте, қандай шара қолданылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Бұған дейін редакция ОСК-ға сайлау кезіндегі жалған ақпарат, оны анықтау және оған ден қою тетіктеріне қатысты бірқатар сауал жолдаған еді. Назарларыңызға ең маңызды сұрақтар мен ОСК жауаптарын ұсынамыз.

ОСК жалған ақпаратпен қалай күреседі?

Жалған ақпарат тараған жағдайда жедел әрекет ету шаралары қабылданады, оның ішінде ресми түрде теріске шығару және түсіндіру материалдары жарияланады. Егер заңнаманы бұзу белгілері анықталса, тиісті материалдар өз құзыреті шегінде шара қабылдау үшін прокуратура органдарына жолданады.

Азаматтар мұндай фактілер туралы Орталық сайлау комиссиясына немесе тиісті аумақтық сайлау комиссиясына хабарлай алады. Байланыс деректері Орталық сайлау комиссиясының және аумақтық сайлау комиссияларының ресми интернет-ресурстарында орналастырылған.

Үгіт жұмыстары қалай жүргізіледі?

Сайлауалды үгіт жүргізу мәселелері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27 және 28-баптарымен реттеледі. Сайлауалды үгіт жұмыстары БАҚ, ашық сайлауалды іс-шаралар (сайлауалды жиналыстар, сайлаушылармен кездесулер, жария дебаттар мен пікірталастар, митингілер, шерулер, демонстрациялар және заңнамада белгіленген тәртіппен өткізілетін өзге де үгіт іс-шаралары) ұйымдастыру, кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулері, баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және (немесе) тарату, онлайн-платформалар арқылы жүзеге асырылады.

Сайлау процесіне қатысушылардың сайлауалды үгіт жүргізу тәртібі мен мерзімдерін бұзғаны үшін конституциялық-құқықтық және әкімшілік жауапкершілік көзделген. Егер сізде сайлауалды үгіт жүргізу талаптарының бұзылғаны туралы нақты мәліметтер немесе материалдар болса, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және құқықтық баға беру мәселелері бойынша уәкілетті органдарға жүгіну қажет.

Сайлау заңын бұзғандар, қандай жауапкершілікке тартылады?

ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында және өзге де заңнамасында сайлау туралы заңнаманы бұзғаны үшін құқықтық жауапкершілік көзделген.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабының 4-тармағына сәйкес, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға және (немесе) бейнежазбаға түсіруге, сондай-ақ оны таратуға тыйым салынады.

Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 108-бабына сәйкес, тең сайлау құқығы қағидатын бұзып, екі немесе одан да көп рет дауыс беру не басқа сайлаушының орнына дауыс беру 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 50-бабына сәйкес, азаматтың сайлау құқығын күш қолдану, алдау, қорқыту немесе пара беру арқылы еркін жүзеге асыруына кедергі келтірген тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Сонымен қатар, сайлау комиссияларының қызметіне заңсыз араласқаны және дауыс беруге кедергі келтіргені үшін де қылмыстық жауаптылық көзделген.

ОСК ақпараттық ресурстары киберқауіптерден қалай қорғалады?

Орталық сайлау комиссиясының ресми ақпараттық ресурстарының қауіпсіздігі Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 24 қарашадағы № 418-V «Ақпараттандыру туралы» Заңына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 269 қаулысымен бекітілген 2023–2029 жылдарға арналған цифрлық трансформацияны, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасына сәйкес қамтамасыз етіледі.

Оқу үшін