Қазақстан мұнай өндіру көлемін азайтты: Энергетика министрлігі себебін түсіндірді

Фото: Depositphotos
Қазақстанда мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді. Энергетика министрлігі бұған Каспий құбыр консорциумының (ҚКК) теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстарының тоқтатылуы себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта Қара теңіз акваториясындағы кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҚКК теңіз терминалында мұнай тиеу операциялары уақытша тоқтатылған. Алайда консорциумның өндірістік және техникалық нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
«Консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысандары жарамды жағдайда, штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жағдай қалыпқа келген бойда шикізатты қайта тиеуді дереу бастауға дайын», – делінген министрлік түсіндірмесінде.
Мұнай тиеудің тоқтауына байланысты құбыр жүйесіне шикізат қабылдауға шектеу қойылған. Резервуарлардың шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу үшін мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіріс көлемін уақытша азайтқан.
«Соның нәтижесінде мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді. Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.
Қазір министрлік ҚКК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және салалық мемлекеттік органдармен келіссөз жүргізіп жатыр. Негізгі міндет – кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қазақстандық мұнайды әлемдік нарықтарға экспорттауды мүмкіндігінше тез қалпына келтіру. Әзірге ҚКК теңіз терминалында мұнай тиеу операцияларының нақты қашан қайта басталатыны айтылған жоқ.


