NoFake

Бас прокурор рақымшылық аясында кешірілген айыппұл көлемін атады

закон

Фото: Gov.kz

Қазақстанда әкімшілік рақымшылық аясында 681,7 мың азаматқа қатысты 1,3 млн әкімшілік іс бойынша жазаларды орындау тоқтатылды. Жалпы сомасы 22,8 млрд теңгенің айыппұлы кешірілді. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

Бас прокурордың айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет жүргізілген әкімшілік рақымшылық жаңа Конституция аясында жүзеге асырылған алғашқы маңызды бастамалардың бірі болды.

«Бір айға жетпейтін уақыт ішінде 681,7 мың азаматқа қатысты 1,3 млн әкімшілік іс бойынша әкімшілік жазаларды орындау тоқтатылды. Жалпы сомасы 22,8 млрд теңгені құрайтын айыппұлдар кешірілді. Рақымшылық ӘҚБтК-нің 380-нен астам бабын қамтыды», – деп жазды Берік Асылов.

Рақымшылық салық, кеден, санитариялық және экологиялық талаптарды бұзу, кәсіпкерлік пен сауда саласындағы және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтарды қамтыған. Бұл ретте әкімшілік қамақ көзделген және заң бойынша рақымшылыққа жатпайтын құқық бұзушылықтар тізімге енгізілмеген.

Асыловтың сөзінше, азаматтарға рақымшылықты қолдану үшін мемлекеттік органдарға өтініш беріп, құжат жинаудың қажеті болмаған. Процесс цифрлық форматта жүргізіліп, әкімшілік істердің тоқтатылғаны туралы СМС-хабарламалар жіберілген.

«Көптеген отбасы үшін бұл тек қаржылық жүктемеден босату ғана емес, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізулердің тоқтатылуын, қойылған шектеулердің алынуын, бұрын арнайы тұраққа қойылған көлік құралдарының қайтарылуын және өмірді жаңа парақтан бастау мүмкіндігін білдірді», – деді Бас прокурор.

Ол мысал ретінде Жетісу облысының тұрғынын келтірді. Оның көлігі жыл басынан бері айыппұлдардың төленбеуіне байланысты арнайы тұрақта тұрған. Рақымшылық нәтижесінде азаматқа қатысты әкімшілік істер тоқтатылып, полиция көлікті иесіне қайтарған.

Бас прокурор рақымшылықты жүзеге асыруға прокуратура, ішкі істер, мемлекеттік кірістер, экология органдары, жергілікті атқарушы органдар және басқа да мемлекеттік мекемелер қатысқанын атап өтті. Оның сөзінше, негізгі қағида – рақымшылыққа құқығы бар әр азаматтың бұл мүмкіндікті алуы және заң талаптарына сәйкес келмейтін жағдайларға оның қолданылмауы.

Оқу үшін