NoFake

Интернеттегі фейк жауаптар: Ұлттық тест орталығы талапкерлерге ескерту жасады

Фото: Gov.kz

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кешенді тестілеуден өткізуге немесе грантқа түсуге көмектесеміз деп ақша ұсынатын алаяқтар көбейген. Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерді мұндай хабарламаларға сенбеуге шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Орталықтың мәліметінше, соңғы уақытта желіде «кешенді тестілеуден өткізіп береміз», «грантқа түсіріп береміз», «тест сұрақтарының жауаптары бар» деген мазмұндағы хабарландырулар жиі таралып жүр.

«Мұндай ұсыныстардың барлығы – алаяқтық әрекеттер. Азаматтарды күмәнді ақпаратқа сенбеуге және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырамыз», – делінген хабарламада.

Ұлттық тестілеу орталығы әрбір кешенді тестілеуге қатысушы үшін жеке тест нұсқасы қалыптастырылатынын еске салды. Сондықтан интернетте сатылатын немесе таратылатын «тест сұрақтары» мен «дайын жауаптардың» нақты тест тапсырмаларымен сәйкес келетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар тест материалдарын заңсыз тарату фактілері анықталған жағдайда, уәкілетті органдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылданады.

«Тест тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығының зияткерлік меншігі болып табылады. Оларды заңсыз жариялау мен тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеледі», – деп ескертті орталық.

Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерді кешенді тестілеуге өз біліміне сүйеніп дайындалуға және академиялық адалдық қағидаларын сақтауға шақырды.

Оқу үшін