Интернетте теңгеге ұқсас фейк купюралар сатылып жатыр — Ұлттық банк ескертті

Коллаж: НБ РК/NoFake.kz
Интернетте сыртқы түрі шынайы банкноттарға ұқсайтын полиграфиялық өнімдерді сату туралы хабарландырулар таралып жатыр. Қазақстан Ұлттық банкі мұндай купюралардың төлем құралы емес екенін және адамдарды шатастыруы мүмкін екенін ескертті.
Қазақстан Ұлттық банкі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ұлттық валюта банкноттарына ұқсатып жасалған полиграфиялық өнімдерді сату туралы хабарландырулар таралып жатқанын мәлімдеді.
Реттеушінің мәліметінше, әңгіме «ПРАЗДНУЕМ ВМЕСТЕ!» («БІРГЕ ТОЙЛАЙМЫЗ!») және «НЕ ЯВЛЯЕТСЯ ПЛАТЕЖНЫМ СРЕДСТВОМ» («ТӨЛЕМ ҚҰРАЛЫ ЕМЕС») деген жазулары бар «кәдесый» купюралар туралы болып отыр. Ескерту жазулары болғанымен, сыртқы пішіні шынайы ақшаға ұқсайтын мұндай өнімдер адамдарды жаңылыстыруы мүмкін.
«Реттеуші қолма-қол ақшамен есеп айырысқан кезде банкноттарды мұқият қарап, осындай жазуларға назар аударуды, сондай-ақ қорғаныш элементтерін тексеруді ұсынады», – деп атап өтті Ұлттық банк.
Ұлттық банк банкноттың түпнұсқалығын көзбен көруге және қолмен сезуге болатын қорғаныш белгілері арқылы анықтауға болатынын еске салды. Егер купюра күмән тудырса немесе шынайы ақша белгілеріне ұқсатып жасалған болса, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
«Егер банкноттың түпнұсқалығына күмән туындаса немесе шынайы теңгеге ұқсатып жасалған ақша белгісін байқасаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет», – деп ескертті Ұлттық банк.
Ұлттық банктің хабарлауынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда жалпы сомасы 259,4 мың теңге болатын 57 жалған ақша белгісі анықталған. Оның 49-ы – банкнот, 8-і – монета. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68,4%-ға аз. Ең көп қолдан жасалғаны – 2 000 теңгелік банкноттар. Олардың үлесі анықталған барлық жалған ақша белгілерінің 38,6%-ын құрады. Одан кейін 10 000 теңгелік (28,1%) және 5 000 теңгелік (19,3%) купюралар тұр. Қалған жағдайлар монеталарға тиесілі.


