65 жастан асқан жүргізушілерге жаңа талап: ҚР ІІМ заңдағы өзгерістерді түсіндірді

Фото: gov.kz
2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Жаңа талапқа сәйкес, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс. Тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР ІІМ ақпараттық жүйелері арасында автоматты түрде алмасады.
«Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады. Бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қатысты», – деп түсіндірді ҚР ІІМ.
Сонымен қатар заңда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілерге қатысты жаңа норма енгізілді. Белгілі бір жағдайларда олар теориялық емтиханды қайта тапсыруы мүмкін.
Мәселен, жол қиылысында апатты жағдай туғызу, жылдамдықты бірнеше рет асыру, қауіпті маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу ережелерін өрескел бұзу сияқты құқық бұзушылықтарға жол берген жүргізушілерге бұл талап қолданылуы ықтимал. Егер жүргізуші тиісті қаулыны алғаннан кейін екі ай ішінде дәлелді себепсіз теориялық емтиханға келмесе, оның көлік басқару құқығы да тоқтатылуы мүмкін.
Мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты жауапкершілік те күшейтілді. Енді мұндай қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған күннің өзінде, құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар сегіз жыл бойы оны ала алмайды.
«Бұл өзгерістердің барлығы жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Барша жол жүрісіне қатысушыларды жолда жүру қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз. Ал бұл талапқа жататын жүргізушілер міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтуі қажет», – деп мәлімдеді ҚР ІІМ.
Ведомствоның мәліметінше, заңдағы өзгерістер жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.


