Томотерапия енді тегін көрсетілмейді деген ақпаратқа онкология инситуты жауап берді

Фото: yandex.kz
Әлеуметтік желіде онкологиялық науқастардың томотерапияны тегін ала алмай қалғаны және №103 бұйрық олардың емделу құқығын шектегені туралы ақпарат тарады. Осы жарияланымға байланысты Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОРҒЗИ) ресми түсініктеме берді.
Институттың мәліметінше, таралған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
«Қазіргі уақытта сәулелік терапия көрсетілген онкологиялық аурулары бар барлық пациенттер, оның ішінде балалар да, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында жоғары технологиялық сәулелік терапиямен толық қамтамасыз етілуде», – делінген хабарламада.
ҚазОРҒЗИ өкілдері №103 бұйрық пациенттердің сәулелік терапия алу құқығын жоймайтынын және ешқандай шектеу енгізбейтінін атап өтті.
«№103 бұйрық пациенттердің сәулелік терапия алу құқығын жоймайды және шектемейді. Енгізілген өзгерістер онкологиялық көмекті қаржыландыру тетігін жетілдіруге, пациенттердің заманауи емдеу әдістеріне тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, сондай-ақ медициналық көмекті төлеудің меншік нысанына, қолданылатын емдеу технологиясына және жабдық өндірушісіне қарамастан барлық медициналық ұйымдар үшін бірыңғай тәсілдерін енгізуге бағытталған. Басты басымдық – әрбір пациентке медициналық көрсетілімдерге сәйкес сапалы онкологиялық көмекті уақытылы және тегін көрсету болып қала береді», – деп қорытындылады институт.
Еске салайық, бұған дейін отандық телеграм арналардың бірінде онкологиялық науқастар Бас прокурордың атына үндеу жолдап, Денсаулық сақтау министрлігінің №103 бұйрығына наразылық білдіргені туралы жарияланым шыққан болатын. Онда құжат томотерапияны тегін медициналық көмек тізімінен алып тастады деген мәлімдеме айтылған.


