«Семей орманында» тағы екі өрт шықты: Экология министрлігі жедел ақпарат берді

Фото: @EcologyofQazaqstan
20 шілде күні «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында екі орман өрті тіркелді. Алдын ала болжам бойынша, өртке найзағай себеп болуы мүмкін.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өрт ошақтары сағат 14:22-де резерваттың Семейпалатинск филиалына қарасты Пригородное орманшылығының 55 және 65-орамдарында анықталған.
«Өрт туралы хабарлама келіп түскен бойда өртті сөндіру жұмыстары дереу басталды. Қазіргі уақытта оқиға орнында орман өртін оқшаулау және толық сөндіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда», – деп хабарлады министрлік.
Алдын ала мәлімет бойынша, әрбір өрт ошағының аумағы шамамен 2 гектарды құрайды. Өрт қарағайлы орман алқабында болып жатыр. Ведомство оның төменгі өрт екенін және қарқындылығы жоғары екенін мәлімдеді. Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғаудың» тікұшағы, «Семей орманы» резерватының 6 автоцистернасы, 3 тракторы мен 20 қызметкері жұмылдырылған. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінен 6 техника мен 17 қызметкер тартылды. Қосымша күш ретінде Ми-8 тікұшағы жіберілген.
«Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығу себебі – найзағай разряды. Өрттің таралуына жол бермеу және оны қысқа мерзімде толық сөндіру мақсатында күштер мен құралдар жеткілікті көлемде жұмылдырылған», – делінген хабарламада.
Жалпы, 20 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан аумағындағы «Семей орманы», «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттары мен «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жерлерінде 19 орман өрті тіркелген. Жағдай Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бақылауында.


