Степногорскідегі өрт: құтқарушылар аш қалды деген шағымға әкімдік жауап берді

Фото: Depositphotos
Әлеуметтік желіде Степногорск маңындағы дала өртін сөндіріп жатқан құтқарушылар бірнеше тәулік бойы дұрыс тамақтанбағаны туралы жазба тарады. Аталған жағдайға байланысты NoFake.kz Степногорск әкімдігіне ресми сауал жолдап, мән-жайды анықтады.
Тұрғынның шағымы
Threads желісінде жарияланған жазбада өртті сөндіруге жұмылдырылған 200-ге жуық адамның бір бөлігіне тек екі шұжық пен бір тілім нан берілгені, ал кейбір құтқарушыларға мүлде тамақ жетпегені айтылған.
«Құтқарушылар екі тәулік бойы демалыссыз өртпен күресіп жүр. Бірақ оларды тамақтандыру ұмыт қалған. Кейбіріне екі шұжық пен бір тілім нан ғана берілсе, өзгелеріне мүлде ештеңе тимеген. Аш болса да олар Бестөбені өрттен қорғап қалды», – деп жазды жазба авторы.
Автордың пікірінше, төтенше жағдай кезінде құтқарушыларды тамақпен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың міндеті.
Әкімдіктің жауабы
Степногорск өңірінің орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі штабы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Әкімдіктің мәліметінше, 14 шілдеде найзағайдың салдарынан Бөгенбай ауылдық округі аумағында бірнеше жерде құрғақ шөп өртенген. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің, ТЖМ әскери бөлімінің, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпорындардың және ерікті өрт сөндіру құрамаларының 200-ге жуық қызметкері мен 30 техникасы, сондай-ақ екі тікұшақ жұмылдырылған.
«Жедел қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Тұрғындарды сабыр сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз», – делінген жауапта.
Әкімдік өртті сөндіруге қатысқан күштерді тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылғанын да мәлімдеді.
«Өртті сөндіруге жұмылдырылған күштерді қамтамасыз ету мақсатында ыстық тамақ пен ауызсу ұйымдастырылды. 15 шілдеде өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға ыстық тамақ екі рет – сағат 10:00-де және 17:00-де берілді. Сондай-ақ 16 шілде күні сағат 10:30-да да қатысушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілді», – деп хабарлады штаб.
Сонымен қатар, әкімдіктің мәліметінше, кешкі уақытта Бестөбе кентінің тұрғындары өрт сөндірушілерге қосымша ыстық бәліштер, шұжықтар мен сусындар жеткізген.
«Бұл қолдау өртті сөндіруге қатысушыларға қойылған міндеттерді орындауға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік берді және төтенше жағдайды жою жұмысының маңызды бөлігіне айналды», – деп мәлімдеді әкімдік.
Еске салайық, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 16 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 10 орман өрті тіркелген. Елдің бірнеше өңірінде өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.


