Threads-тегі промокодтар: қайсысы шын, қайсысы жалған

Фото: pixabay.com
Әлеуметтік желіде, әсіресе Threads желісінде түрлі жеткізу қызметтері мен тағамдар желісінің промокодтары толып тұрады. Олардың қайсысы шын, қайсысы жалған? Nofake.kz зерттеп көрді.
Желі қолданушылары арасында түрлі промокодтарды ұсынып, жеңілдік жайлы жарнама жасайтындар жетерлік.

Промокодтарты ашық дереккөздерден алуға бола ма?
16 жастағы петропавлдық Азамат Қанатов (ред. аты-жөні өзгертілді) Астанаға келген сайын, түрлі жеткізу қызметі мен тағамдарға тапсырыс бергенде, промокодты пайдаланатынын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай промокодтарды жеңілдік үшін, интернеттен оңай табуға болады.
«Мәселен, бір жолы пиццаға тапсырыс бергенде дәл осындай промокодты интернеттен тез таптым. Тапсырыс кезінде код жазғанымда, расымен маған жеңілдік берілді. Меніңше мұндай промокодтар шынымен жұмыс істейді және оларды тез табуға болады», — деді ол.
Жеткізу қызметін ұсынатын компаниялар не дейді?
Nofake.kz жеткізу қызметін ұсынатын еліміздегі компаниялардың біріне хабарласып, әлеуметтік желілердегі жалған промокодты шын промокодтан қалай ажыратуға болатынын сұрап білді. Компания жауабын төмендегі скриншотта ұсынамыз.

Алаяқтардың арбауына қалай түспейміз: маман кеңесі
CitizenSec.kz жобасының жетекшісі Гүлдана Жұматай шынайы промокодтарды жалғаннан қалай ажырату керектігін түсіндіріп берді.
«Шынайы, жеңілдігі бар промокодты жалғаннан оңай ажыратуға болады. Ол үшін техникалық алгоритмді орындау керек. Оны кез келген пайдаланушы, интернетті меңгеру деңгейіне қарамастан оңай тексере алады», — деді маман.
Промокодты қалай тексереміз?
Біріншіден. Сайттың доменін мұқият тексеріңіз. Ол үшін — whoisdomen.com сайтын пайдалануға болады. Себебі, алаяқтар ресми сайттың доменіне өте ұқсас мекенжайларды жасап, бір-екі әріпті өзгертіп немесе артық таңбалар қосады. Сондықтан брендтің ресми сайтының доменін браузерге өзіңіз теріп кірген қауіпсіз. Егер жеңілдік, акция расымен өткізіліп жатса, ол туралы ақпарат брендтің ресми сайтында міндетті түрде болуы шарт.
Екіншіден. Доменнің тіркелген уақытын тексеріңіз. Ресми сайттар бірнеше жылдан бері жұмыс істейді, ал алаяқтардың сайттары көбіне бірнеше күн немесе апта бұрын ғана тіркелген болады. Мұны домен туралы ақпаратты көрсететін арнайы сервистер арқылы тексеруге болады. Мысалы, whoisdomen.com сайты дәл осындай сайтқа жатады, оны кез келген пайдаланушы тегін қолдана алады. Тағы бір назар аударатын мәселе — кликбейтті тақырыптардың арбауына түспеу. Себебі, фишингтік сайттар мысалы, «Бір жәшік киім 1 долларға» деген тақырыпты таратып, адамдардың назарына бірден ілігуі мүмкін. Мұндай сайттар 1 күннен кейін жоғалып кетуі мүмкін.
Үшіншіден. Төлем жасау тәртібіне назар аударыңыз. Сенімді интернет-дүкендер белгілі банктердің қорғалған төлем жүйелерін пайдаланады. Егер сайт сізден жеке тұлғаның картасына ақша аударуды немесе банк картасының деректерін күмәнді терезеге енгізуді сұраса, бұл – алаяқтықтың нақты көрінісі.
Төртіншіден. Сайттың толыққанды жұмыс істеуін тексеріңіз. Фишингтік сайттар көбіне ресми ресурстың толық емес көшірмесі болады. «Біз туралы», «Байланыс», «Құпиялылық саясаты» сияқты бөлімдерді ашып көріңіз. Егер сілтемелер жұмыс істемесе немесе қайтадан басты бетке бағыттаса, мұндай сайтқа сенуге болмайды.
Бесіншіден. Құлыпша белгісіне (HTTPS) ғана сенбеңіз. Бұл белгі тек сіздің сайтпен шифрлық байланысқа енгенін білдіреді. Ол сайттың сенімді екенін дәлелдемейді. Себебі, қазір алаяқтар тегін SSL-сертификаттарды кеңінен пайдаланады.
Маманнан құнды кеңес
«Жалған акциялар мен промокодтардың басым бөлігі әлеуметтік инженерия тәсіліне негізделген. Алаяқтар адамдардың сыйлық, үлкен жеңілдік немесе оңай пайдаға қол жеткізуге деген қызығушылығын пайдаланады. Сондықтан әлеуметтік желілердегі жарнамалардан немесе мессенджерлер арқылы келген тым тартымды ұсыныстарға бірден сенбей, міндетті түрде тексерген жөн. Ал шынайы акциялар мен промокодтарды әрқашан компанияның ресми сайты немесе ресми мобильді қосымшасы арқылы қауіпсіз пайдалануға болады», — деп сөзін түйіндеді маман.
Сарапшылар не дейді?
Astana IT University Киберқауіпсіздік мектебінің сеньор-лекторы Дәурен Сағидуллаұлы да, желіде толып тұрған түрлі акцияға сенбеуге шақырды.
«Промокодты енгізбестен бұрын, компанияның ресми сайтына кіріп, расымен осындай акция ұйымдастырылғанына көз жеткізіңіз. Сайтта мәлімет болмаса, Сall орталыққа хабарласып, ақпарат алыңыз. Жалпы кез келген ұялы қосымша немесе сайт болсын, екі факторлы аутентификация орнату керек. Ол дегеніміз — сіздің пароліңізді екі кезеңді тексеру деген сөз. Оған поштаға смс-хабар жіберу, биометриялық деректер және т.б жатады», — деді маман.
Түйін
Желіде таралған акциялар мен промокодтардың бәріне бірдей сене беруге болмайды. Сарапшылар кез келген жеңілдік туралы ақпаратты алдымен компанияның ресми сайтынан немесе байланыс орталығы арқылы тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ доменнің тіркелу уақытын, сайттың толыққанды жұмысын және төлем жасау қауіпсіздігін назардан тыс қалдырмаған жөн. Ал екі факторлы аутентификацияны қосу жеке деректер мен қаржыны қорғаудың тиімді тәсілдерінің бірі саналады. Ең бастысы – тым тартымды ұсыныстарға асықпай, ақпараттың шынайылығын тексеру.


