13 шілдеден мемлекеттік білім грантына өтінім беру басталады: биыл не өзгерді

Фото: pixabay.com
13 шілдеден бастап талапкерлер eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға өтінім бере алады, деп хабарлайды Nofake.kz.
«ҰАТ» АҚ мәліметінше, биыл аталған қызметке бірқатар өзгеріс енгізілген.
Өтінімдерді қабылдау 13 шілде сағат 09:00-де басталып, 20 шілде сағат 18:00-де аяқталады.
Биылғы басты жаңалық – жүйе талапкердің мемлекеттік білім беру грантының конкурстан тыс тәртіппен тағайындалған-тағайындалмағанын автоматты түрде тексереді. Тексеру Ұлттық тестілеу орталығының деректері негізінде жүргізіледі.
Егер талапкерге грант бұған дейін конкурстан тыс негізде берілген болса, жүйе бұл туралы өтінім беру кезінде бірден хабарлайды. Мұндай жағдайда eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы қайта өтінім берудің қажеті болмайды.
Ал қалған талапкерлер өтінімді жалпы тәртіппен рәсімдейді. Егер талапкер жеңілдік санатына жататын болса, оның мәртебесі өтінім беру кезінде автоматты түрде тексеріліп, расталады.
Өтінімді қалай беруге болады?
Өтінім беру үшін:
- eGov.kz порталында авторизациядан өту;
- «Азаматтарға» – «Білім» – «Жоғары білім» бөліміне кіру;
- «Білім беру гранттарын тағайындау, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету» қызметін таңдау;
- «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу;
- қажетті мәліметтерді толтырып, өтінімге қол қою;
- өтінімнің мәртебесін жеке кабинет арқылы бақылау.
Дәл осындай тәртіп eGov Mobile мобильді қосымшасында да қолданылады.
Электрондық кезек қалай жұмыс істейді?
Өтінім қабылдау кезеңінде порталға түсетін жүктеме артуы мүмкін. Мұндай жағдайда eGov.kz пайдаланушыларды электрондық кезек арқылы қабылдайды.
Пайдаланушылар кезегі жақындағаны туралы 1414 нөмірінен SMS-хабарлама алу үшін арнайы белгіні қоя алады. Ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөмірі болуы қажет.
Мамандық таңдаушыларға кезек күтіп тұрған кезде браузердегі бетті жаппау немесе жаңартпау ұсынылады. Әйтпесе жүйе кезектегі орынды қайта есептейді.
Нәтижені қайдан көруге болады?
Өтінім жолданғаннан кейін талапкердің жеке кабинетінде мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысқаны туралы электрондық анықтама пайда болады.
Конкурс қорытындысы бойынша грант иегерлеріне 10 тамыздан кешіктірілмей eGov.kz порталындағы жеке кабинетке электрондық сертификат жіберіледі.
Егер талапкер грантқа ие болмаса, жүйе жеке кабинетке бас тарту туралы хабарлама жолдайды.
Түйін
Биыл мемлекеттік білім беру грантына өтінім беру қызметі автоматтандырылды. Енді жүйе талапкердің конкурстан тыс грант иегері екенін өздігінен тексеріп, қажет болған жағдайда қайта өтінім беруге жол бермейді. Өтінімдерді қабылдау 13–20 шілде аралығында eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі.


