NoFake

Қауіпті тренд: Тексерілмеген сквиш пен слаймдардың қандай зияны бар

Фото: Depositphotos

Бүгінде үйінде бұл ойыншығы жоқ бала қалмаған болар. Әңгіме балалардың сүйікті ойыншығына айналған сквиш пен слайм сияқты антистресс ойыншықтары жайлы.

Жақында Алматы тұрғыны өзінің жеті жастағы қызы антистресс ойыншық ішінен III деңгейлі химиялық күйік алғаны жайлы хабарлап, Президентке үндеу жариялаған болатын.

Скрин видеодан

Бұл қауіпті жағдайдан кейін NoFake.kz редакциясы аталған ойыншықтың сөрелерге шығармас бұрын қандай тексерістен өтетіндігі жайлы, қандай жағдайда қауіп төндіруі мүмкін екендігін мамандардан сұрап білді.

Сквиш дегеніміз не?

Сквиш (ағылшын тіліндегі squish – «қысу, сығу» сөзінен шыққан) – бұл қолмен қысып-сығуға арналған жұмсақ антистресс-ойыншық. Оның басты ерекшелігі қанша жаншысаң да, өзінің бастапқы пішінін тез қалпына келтіреді. Көбіне силиконнан немесе көбікті полимерден жасалып, түрлі сүйкімді кейіпкерлер, жануарлар немесе тәттілер түрінде шығарылады.

TikTok-тағы қауіпті тәжірибелер: Ойыншықтың ішінде не бар?

Бұл ойыншықтардың басты қаупі — әлеуметтік желілердегі трендтермен тікелей байланысты. Бүгінде TikTok пен YouTube платформаларында сквиш пен слаймдарға түрлі эксперименттер жасап жатқан видеоларын көптеп кездестіруге болады.

Скрин Tik-Tokta-ғы видеолардан

Желіде:

  • Ойыншықты ортасынан кесіп, ішіндегі белгісіз химиялық затты сыртқа шығарады;
  • Сквиштің сыртына тырнаққа арналған лак жағып, реакциясын тексереді;
  • Тіпті, сквиш ішінен шыққан гель тектес сұйықтықты тартылған етпен араластырып, химиялық қоспалар жасап көреді.

Мұндай тәжірибелер өте қауіпті, себебі нарықтағы бұл ойыншықтардың барлығы бірдей сертификатталған ба, жоқ па — ол жағы белгісіз. Олардың басым бөлігі ашық базарларда, көше кезбелерінде ешқандай бақылаусыз сатылып жатыр.

Скрин әлеуметтік желідегі видеодан

Сертификатсыз ойыншыққа кепілдік жоқ

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары ресми түрде Қазақстанда антистресс-ойыншықтарға арналған жеке қауіпсіздік талаптарының жоқтығын айтады. Оларға да жалпы ойыншықтарға қойылатын ережелер қолданылады. Алайда, егер өнім заңсыз жолмен келген болса, оның зардабы ауыр болады.

«Елге әкелінетін және сатылатын барлық ойыншықтардың сәйкестік сертификаты болуы тиіс. Егер ойыншық заңсыз жолмен келген болса, оның құрамында адам терісін зақымдап, химиялық күйікке әкеп соқтыратын қауіпті, улы заттардың болуы әбден мүмкін. Сондықтан сертификаты жоқ өнімдерге ешқандай кепілдік берілмейді», — деп жауап берді редакциямызға Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Техникалық регламентке (ТР ТС 008/2011) сәйкес, кез келген ойыншық тексерістен өтіп, ЕАЭО бірыңғай белгісімен таңбалануы және тауар туралы ақпарат міндетті түрде қазақ және орыс тілдерінде жазылуы тиіс. Егер бұл талаптар сақталмаса, ол ойыншық бала өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін.

Ата-аналарға үндеу: Баланы химиялық уланудан қалай қорғаймыз?

Сарапшылар сертификатталмаған өнімдердің қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейтінін айтып, барынша сақ болуға шақырады. Ойыншық таңдағанда мына қауіп белгілеріне міндетті түрде назар аударыңыз:

  • Қатты химиялық иіс: Егер сквиштен немесе слаймнан өткір, жағымсыз иіс шығып тұрса, оны бірден қоқысқа тастаңыз.
  • Тұрақсыз бояу: Ойыншықты ұстағанда қолда бояу қалмауы тиіс.
  • Күмәнді сауда орны: Мұндай антистресстерді көшедегі бейберекет сөрелерден емес, тек сертификаты бар арнайы дүкендерден алған жөн.

«Өнімнің қауіпсіздігіне кішкене болса да күмән туындаған жағдайда, сіз сатушыдан сәйкестік сертификатын талап етуге құқылысыз», — дейді мамандар.

Мамандардың айтуынша, балалардың ойыншықтармен әлеуметтік желідегі түрлі эксперименттерді қайталамауын қадағалау және заттың сыртқы таңбалануы мен құжаттарына бірінші кезекте мән беру жазатайым оқиғалардың алдын алуға көмектеседі.

Оқу үшін