NoFake

Ресейдегі дрон қаупіне байланысты Астана – Омбы рейстері тоқтатылды

Фото: depositphotos

VIETJET QAZAQSTAN әуе компаниясы Ресей аумағында ұшқышсыз ұшу аппараттарына байланысты қалыптасқан жағдайға байланысты Астана – Омбы – Астана бағытындағы рейстерді уақытша тоқтататынын мәлімдеді.

Компанияның хабарлауынша, рейстер 2026 жылғы 9–20 шілде аралығында орындалмайды. Сонымен қатар аталған бағыт бойынша әуе билеттерін сату тамыз айының соңына дейін тоқтатылды.

«Жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі – авиакомпания үшін басты басымдық. Осы жағдайға байланысты қабылданған барлық шешімдер ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген авиакомпанияның ресми мәлімдемесінде.

VIETJET QAZAQSTAN бұған дейін бұл бағыт бойынша күн сайын таңертеңгі және кешкі екі рейс орындап келгенін атап өтті. Рейстердің уақытша тоқтатылуы жолаушылардың жоспарларына әсер етуі мүмкін екенін ескеріп, компания бірнеше балама нұсқа ұсынды.

Жолаушыларға қандай балама ұсынылды?

Атап айтқанда, жолаушылар әуе билетінің толық құнын ешқандай ұстап қалусыз қайтара алады немесе 14 шілдеден бастап іске қосылатын баламалы бағытты пайдалана алады. Бұл бағыт бойынша жолаушылар алдымен Астана – Петропавл рейсімен ұшып, кейін Омбыға дейін арнайы ұйымдастырылған автобуспен жеткізіледі. Кері бағытта да дәл осындай қызмет көрсетіледі.

Сонымен қатар Петропавл арқылы жол жүруді таңдаған жолаушыларға болашақ рейстерге пайдалануға болатын 10 мың теңгелік ваучер беріледі.

«Бұл жағдай форс-мажорлық мән-жайларға байланысты туындап, авиакомпанияның бақылауынан тыс орын алды. Соған қарамастан, біз қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жолаушыларымыздың межелі жеріне жетуіне көмектесу үшін бар күшімізді салып жатырмыз», – деп мәлімдеді VIETJET QAZAQSTAN.

Әуе компаниясы жолаушылардан түсіністік танытқаны үшін алғыс білдіріп, рейстер қалыпты режимде қайта орындала бастағанға дейін барлық өзгерістер туралы қосымша хабарланатынын жеткізді. Айта кетейік, соңғы күндері Ресейдің бірнеше өңірінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына байланысты әуежайлар жұмысына уақытша шектеулер енгізіліп, бірқатар рейс кейінге шегерілді немесе тоқтатылды. Сондай-ақ, еліміздің Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі нысандарға шабуыл жасау үшін Қазақстан аумағынан ұшқышсыз ұшу аппараттары ұшырылды деген ақпаратты растамады.

Оқу үшін