NoFake

Астанада телефон алаяқтарына көмектесті деген күдікпен екі дроппер ұсталды

Фото: Polisia.kz

Астанада телефон алаяқтарының қылмыстық схемасына қатысы бар деген күдікпен екі жас ұсталды. Олар өздерінің банк шоттары мен SIM-карталарын ақша үшін бөгде адамдардың пайдалануына берген. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Полицияның мәліметінше, алаяқтар 78 жастағы елорда тұрғынына мемлекеттік орган мен банк қызметкерлері ретінде хабарласып, жинақ ақшасын «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екеніне сендірген. Зейнеткер олардың сөзіне сеніп, жинақ қаражатын көрсетілген есепшоттарға жіберген. Бұдан бөлек, ол алтын әшекейлерін сатып, одан түскен ақшаны да алаяқтар көрсеткен шоттарға аударған. Жәбірленушінің ақшасы түскен есепшоттарды тексеру барысында полиция күдіктілерді анықтаған.

«Полиция қызметкерлері жәбірленушінің ақшасы түскен банк шоттарының иелерін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елорданың 19 және 21 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Тергеу барысында олардың ақшалай сыйақы үшін алаяқтарға өздерінің банк шоттарын, ұялы телефондарын, SIM-карталарын пайдалануға бергені, сондай-ақ банк мобильді қосымшаларын және криптовалюта биржасындағы аккаунттарды өз атына тіркегені анықталды. Кейін бұл құралдар қылмыстық схемада пайдаланылған», – деп хабарлады полиция.

Тергеу барысында күдіктілердің бірінің банк шотына қылмыстық жолмен алынған 1 миллион теңге, ал екіншісінің есепшотына 2,5 миллион теңге түскені белгілі болды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша дропперлік фактісімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды банк карталарының деректемелерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын, мобильді банк қосымшасының логині мен құпиясөзін ешкімге бермеуге шақырады.

«Сондай-ақ ақшалай сыйақы үшін өз атыңызға банк шотын ашуға, SIM-карта рәсімдеуге немесе қаржылық сервистерді тіркеуге келіспеңіз. Жеке деректеріңізді үшінші тұлғаларға беру арқылы сіз қылмысқа сыбайлас қатысушыға айналып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін», – деп ескертті полиция.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, дропперлердің банк шоттары мен жеке деректері көбіне телефон және интернет алаяқтарының ақшаны заңдастыру тізбегінде пайдаланылады. Сондықтан азаматтарға өз атына қандай да бір қаржылық құралдарды бөтен адамдардың пайдалануына бермеу және күмәнді ұсыныстардан бас тарту ұсынылады.

Оқу үшін