СІМ Қазақстаннан Ресейге дрон ұшырылды деген ақпаратты жоққа шығарды

Фото: Gov.kz
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі нысандарға шабуыл жасау үшін Қазақстан аумағынан ұшқышсыз ұшу аппараттары ұшырылды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылынан кейін Ресейдің жекелеген БАҚ-тарында ұшқышсыз аппараттар Қазақстан аумағынан ұшырылған болуы мүмкін деген болжам тараған. Бұл ақпаратты Қазақстан СІМ ресми түрде жоққа шығарды.
«Аталған мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасы өз аумағының, әуе кеңістігінің және инфрақұрылымының басқа мемлекеттерге қарсы бағытталған әрекеттерді жүзеге асыру үшін пайдаланылуына жол берілмейді деген ұстанымды дәйекті түрде ұстанады», – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ ведомство мұндай жарияланымдарға қатысты өз бағасын берді.
«Мұндай жарияланымдарды Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастың сипатын бұрмалауға бағытталған негізсіз алыпқашпа пікірлер деп бағалаймыз. Екі елдің қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында табысты дамып келеді», – деп атап өтті СІМ.
Министрлік Қазақстанның құзырлы мемлекеттік органдары ұлттық заңнама талаптарының сақталуын және елдің халықаралық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанын қосты. Айта кетейік, АҚШ Қазақстанның Иранда жалға алған портын қиратты деген ақпаратын жоққа шығарған болатынбыз.


