NoFake

Неліктен қарыз өтелсе де шоттағы бұғаттау бірден алынбайды

Фото: Depositphotos

Елімізде негізгі қарызын өтесе де, есепшоты бұғаттан шықпай жүрген азаматтардың мәселесіне Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли түсініктеме берді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ресми өкілдің сөзінше, бұғаттаудың толық шешілуі тек негізгі қарызға ғана емес, жеке сот орындаушысының (ЖСО) қызмет ақысы мен атқарушылық іске кеткен шығындардың төленуіне де тікелей байланысты. Аталған талап заңда нақты көрсетілген.

«Атқарушылық іс жүргізушілер және жеке сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңда бұл анық көрсетілген. Егер де соттың шешімінде негізгі қарыздың бөлігі және де сол атқарушылық іске кеткен шығындар, жеке сот орындаушының қызметі толығымен төленсін деген қаулы болатын болса, әрине толығымен осы шарттардың барлығы орындалып, қарыз төленгеннен кейін ғана бұғат шешілетін болады», — деп нақтылады ол.

Сонымен қатар, барлық шарттар орындалғаннан кейін сот орындаушысы шектеулерді бір тәулік ішінде алып тастауға міндетті. Егер бұл талап сақталмаса, азаматтар өз құқықтарын қорғай алады.

«Ал егерде осы шығындардың барлығы төленіп, бұғат шешілмейтін болса, әрине ол сот орындаушылар тарапынан кеткен қателік. Ол үшін жеке сот орындаушылары палатасына шағымдануға болады, тіпті құқықтары өрескел бұзылған жағдайда кез келген азамат сотқа жүгініп, әділдікке қол жеткізуіне болады», — деді маман.

ЖСО қызмет ақысы қалай есептеледі?

Талғат Уәли қоғамда қалыптасқан «сот орындаушылары кез келген істен 25% алады» деген түсініктің қате екенін мәлімдеді. Заң бойынша бұл көрсеткіш 3%-дан 25%-ға дейінгі аралықты қамтиды және ол атқарылған жұмыстың күрделілігіне қарай белгіленеді.

«Кез келген өндірушілік істе соттың шешіміне байланысты атқарушылық жазбада тек қана 25% алынады деген түсінік қате. Ол 3%-дан 25%-ға дейін. Яғни бұл жерде сот орындаушының еңбегі атқарған жұмысына қарай төленеді. Егер де ауқымды жұмыстар атқарылатын болса, иә ол 25%-ға дейін жетуі мүмкін. Бірақ кей жағдайларда 3%, 5%, 10 % белгіленуі мүмкін», — деп жауап берді Талғат Уәли.

Ресми өкілдің түсіндіруінше, қызмет құны істің қаншалықты ұзаққа созылғанына және қосымша ресурстардың тартылуына байланысты өзгереді:

«Мысалы сот орындаушы тарапынан ол жұмыс оңай жүзеге асуы мүмкін, сіз өзіңіздің қарызыңыз бар екенін білдіңіз төледіңіз. Ол жерде қандай да бір шығын болмаса, онда пайызы міндетті түрде төмен болады. Ал егер ол бірнеше жылға созылатын болса, мысалы сот орындаушы оны іздестіру жұмыстарын жүргізетін болса, мемлекет тарапынан өзге де мем органдар арқылы, полиция арқылы іздестіру жүргізілетін болса, сондай көптеген факторлар бар, сонда сәйкесінше сот орындаушының шығыны да көбірек болады», — деді Әділет министрлігінің ресми өкілі.

Айта кетейік, біз бұған дейін Әділет министрлігінің «қазақстандықтар берешегі туралы ақпаратты әуежайда бір-ақ біледі» деген уәжін теріске шығарғаны жайлы жазған болатынбыз.

Оқу үшін