NoFake

Astana Hub шетелдік IT-мамандарға тұрақты тұруға рұқсат береді — фейк

Фото: depositphotos.com

Astana Hub «шетелдік мамандарға тұрақты тұруға рұқсат береді» деген қауесетке жауап берді. Компания тек кандидаттың бағдарлама талаптарына сәйкестігін растап, тұрақты тұруға рұқсат беру туралы өтінішті мемлекеттік органдарға жолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Желі неге шулады?

Astana Hub мәліметінше, Қазақстанда тұруға рұқсат беру туралы шешімді тек мемлекеттік органдар қабылдайды. Ал, желідегі шетелдік IT-мамандар компанияның көмегімен қазақ тілінен емтихан тапсырмай-ақ Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат ала алады деген пікір шындыққа сәйкес келмейді. Олар мұндай пікірді негізсіз деп санайды.

Astana Hub мәлімдемесі

Astana Hub шетелдік IT-мамандарды тартуға арналған бағдарламалардың шынымен бар екенін растады. Айтуларында Digital Nomad Residency және Digital Nomad Visa бағдарламалары цифрлық сала мамандарына арналған. Бағдарламалар Қазақстанды жұмыс істеу және кәсіби дамуға арналған орын ретінде қарастыратын шетелдік мамандарды тартуға және тәжірибе алмасуды кеңейтуге бағытталған. Бұл ретте Astana Hub тұрақты тұруға рұқсат беру туралы шешім қабылдамайтынын атап өтті.

«Astana Hub тұрақты тұруға рұқсат бермейтінін атап өтеміз. Тұрақты тұруға рұқсат алу және оны мақұлдау шарттарын мемлекеттік органдар айқындайды, ал түпкілікті шешімді де солар қабылдайды. Өз тарапымыздан біз тек кандидаттардың IT саласындағы тиісті тәжірибесі мен құзыреттерінің бар екенін растап, тиісті өтінішті рәсімдейміз», – делінген компания хабарламасында.

Халықаралық инновациялық кластер шетелдік мамандарды тарту рәсімі бірнеше кезеңнен тұратынын атап өтті. Алдымен кандидат Astana Hub-қа өтінім береді. Онда оның тәжірибесі мен бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Егер маман талаптарға сай келсе, компания тиісті өтінішті рәсімдейді. Алайда бұл құжат Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға кепілдік бермейді.

«Өтініштің өзі виза немесе елде тұруға рұқсат болып саналмайды және тиісті мәртебені автоматты түрде алуды білдірмейді. Осы құжатты алғаннан кейін өтініш беруші мемлекеттік органдарда көзделген келесі рәсімдерден өтеді», – деп атап өтті Astana Hub.

Айта кетейік, 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Digital Nomad Residency бағдарламасы арқылы 250 шетелдік IT-маманға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат берілген. Тағы 12 маман қажетті рәсімдерден өтіп, Digital Nomad Visa алған.

Түйін

Осылайша, шетелдік IT-мамандарға арналған Digital Nomad Residency және Digital Nomad Visa бағдарламалары болғанымен, Astana Hub олардың атынан Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат бермейді. Технопарк тек кандидаттың IT саласындағы біліктілігін растап, мемлекеттік органдарға өтініш жолдайды. Ал өтінішті қарау және шетелдік маманға тиісті мәртебе беру туралы соңғы шешімді мемлекеттік органдар қабылдайды.

Оқу үшін