NoFake

Мемлекеттік Туды балконға ілуге бола ма: Үкімет жаңа ережені бекітті

Фото: Depositphotos

Бүгін Үкімет мемлекеттік ту, мемлекеттік елтаңба және олардың бейнелерін, сондай-ақ мемлекеттік гимн мәтінін пайдалану ережесіне өзгеріс енгізу туралы қаулыға қол қойды. NoFake.kz жаңа өзгерісте не жазылғанын және мемлекеттік туды енді қалай пайдалануға болатынын түсіндіреді.

Не өзгерді?

Жаңа ережеге сәйкес, жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімді білдіру мақсатында мемлекеттік туды үйлерге, өзге де ғимараттарға, балкондарға және салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға іле алады.

Балконға ілуге бола ма?

Иә, болады. Бірақ ту балконға 45 градус бұрышпен орналастырылуы керек. Сонымен қатар мемлекеттік ту ұлттық стандартқа толық сәйкес болуы тиіс. Яғни бүлінген, кірлеген, өңі кеткен немесе қадір-қасиетін төмендететін өзге де ақауы бар туды пайдалануға болмайды.

Туды ілгенде қандай талап сақталуы керек?

Мемлекеттік ту тұрғын үйлерде кемінде 3 метр биіктікте орналасуы қажет. Егер ғимараттың құрылымына байланысты туды ілу мүмкін болмаса, оны ғимаратқа іргелес аумақтағы жеке ту тұғырына орнатуға болады. Сондай-ақ ту жерге, еденге, суға немесе өзге де заттардың бетіне тимеуі тиіс. Ал ту тігінен ілінсе, ұлттық өрнек оның жоғарғы бөлігінде орналасуы керек.

Көлікке қоюға бола ма?

Иә. Жаңа ережеде туды жеке және заңды тұлғалардың көлік құралдарының салонында орналастыруға рұқсат берілген.

Қай жерде пайдалануға болмайды?

Жарнамалық мақсатта пайдалануға болмайды. Сондай-ақ оны киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, кілемше немесе өзге де жабын түрі ретінде қолдануға тыйым салынады. Мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларда да мемлекеттік туды коммерциялық мақсатта пайдалануға рұқсат жоқ.

Спортшыларға қатысты не өзгерді?

Енді мемлекеттік тудың бейнесін спортшылардың спорттық киімі мен жабдықтарында ресми түрде пайдалануға болады.

Тағы қандай талап бар?

Мемлекеттік рәміздерді ресми интернет-ресурстарда, стендтер мен плакаттарда орналастырғанда бірыңғай реттілік сақталуы тиіс. Алдымен мемлекеттік ту, одан кейін мемлекеттік елтаңба, содан соң мемлекеттік гимн мәтіні орналастырылады.

Стендтерді безендіру кезінде фон көк түсті, ал жазулар алтын түстес болуы керек. Айта кетейік, Премьер-министр қол қойған қаулы 13 шілдеден бастап күшіне енеді. Мемлекеттік Туды балконға, тұрғын үйлерге, ғимараттарға және салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға ілуге болады. Бірақ оны пайдалану кезінде ұлттық стандарт пен белгіленген талаптар сақталуы керек.

Оқу үшін