Шетелдік студенттерге жатақхана берерде жеңілдік бар – жалған

Фото: pixabay.com
ҚР ҒЖБМ «шетелдік студенттерге жатақхана берерде қандай да бір артықшылықтар беріледі» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.
ҚР ҒЖБМ Жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, министрлік студенттерге жатақхана үлестірудің арнайы ережесін бекіткен.
«Студент жастарды жатақханамен қамтамасыз етудің арнайы ережесі бекітілген. Бұл жерде ең бірінші кезекте университет жанындағы жатақханаларда орындар жетім балаларға, мүгедектігі бар немесе ата-анасының мүгедектігі бар, «Серпін» бағдарламасымен басқа өңірлерден келген жастарға басымдықтар беріледі. Мұның барлығы кезең-кезеңімен арнайы бұйрықта көрсетілген. Сондықтан шетелдік жастарға жатақхана берерде артықшылықтар беріледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды», — деп түсіндірді ол.
Сонымен бірге ол үлкен қалаларда жатақхана ең алдымен ауылдан келген жастарға берілетінін растады.
«Жалпы жатақханаға байланысты көп сұрақ туындайды. Жатақхана кімге керек? Жатақхана ауылдан келген жастарға керек. Әке-шешесі қалаға үкілеп, армандап келе жатқан жастарға керек. Сондықтан бірінші курстың жастарын университет жатақханаларына жатқызамыз», — деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, бұған дейін министрлік өкілдері еліміздегі ірі қалалардағы ЖОО-на тиесілі жерлердің қайтарылуы туралы хабарлаған еді.


