NoFake

Инвестициялық жарнамалардың дипфейктері қалай жасалады: шетел сарапшысымен экслюзив сұхбат

Коллаж: NoFake.kz

Инвестициялық дипфейк жасау үшін алаяқтарға бір фотосурет пен бірнеше секундтық дауыс жазбасы жеткілікті. Тіпті арнайы анықтау жүйелері де жалған бейнені әрдайым тани алмауы мүмкін. Nofake.kz шетелдік профессор Жан-Люк Дюжелемен тілдесіп, инвестициялық дипфейктердің қалай жасалатынын біліп көрді.

Фото, дауыс: дипфейк неден құралады?

Алаяқтардың жалған табыс әкелетін инвестициялар туралы жарнамалық дипфейктерді қалай жасайтынын, мұндай видеоларды неге анықтау қиын екенін және күмәнді ұсыныстарды қалай тексеру қажет екенін NoFake.kz тілшісіне Франциядағы EURECOM университетінің цифрлық қауіпсіздік департаментінің профессоры Жан-Люк Дюжеле айтып берді. Оның ғылыми қызметі цифрлық суреттер мен бейнелерді талдау, биометрия, бет-әлпетті тану, бейнебақылау және цифрлық сараптама салаларымен байланысты. Сондықтан ол дипфейктерді абстрактілі қауіп ретінде емес, бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болатын технология дейді.

Сарапшының айтуынша, жалған инвестициялық видеоны жасау бастапқы материалдарды жинаудан басталады.

«Егер алаяқтар мұндай видеоны сенімді етіп көрсеткісі келсе, оларға көбінесе адамның бір сапалы фотосуреті мен бірнеше секундтық дауыс жазбасы жеткілікті. Осыдан кейін арнайы құралдардың көмегімен олар фотодағы адамды “жандандырып”, оның өз дауысымен сөйлеп тұрғандай етіп көрсете алады», – дейді Жан-Люк Дюжеле.

Бүгінде дипфейктің техникалық бөлігін жасау аса күрделі дайындықты талап етпейді. Фото мен видеоны көпшілікке қолжетімді құралдар арқылы өңдеуге болады. Ал дауысты қолдан жасау қиындау: оны шынайы етіп шығарып, ерін қимылдарымен дәл сәйкестендіру қажет. Одан да күрделісі – мұндай жалған әрекетті нақты уақыт режимінде жасау. Дегенмен бүгінде бұл техникалық кедергілер алаяқтар үшін басты мәселе емес.

«Бүгінде қарапайым әрі дөрекі дипфейк жасау өте оңай. Алаяқ үшін негізгі қиындық – дипфейктің өзін жасау емес, сенімді сценарий ойлап табу. Ол қандай оқиғаны айту керектігін, адамға қашан хабарласу тиімді екенін және қандай дәлелдерді қолдану қажет екенін түсінуі керек. Мысалы, егер ақша сұраса, қандай негізбен сұрайды? Өзін компания директоры ретінде таныстыра ма? Әлде туысқаны ретінде ме?» – дейді сарапшы.

Арнайы детекторлар не себепті қателесуі мүмкін?

Жан-Люк Дюжеле платформалардың дипфейк арқылы жүзеге асатын инвестициялық алаяқтықпен күресуде әлі күнге дейін қиындықтарға тап болуының бірнеше себебін атайды. Мұндай дипфейктерді анықтау қосымша шығындарды талап етеді, алайда олардың өзі толық қауіпсіздікке кепілдік бермейді.

«Егер компаниялар дипфейктерді анықтау жүйелерін енгізгісі келсе, оларға арнайы детекторларды сатып алу немесе осындай құралдарға инвестиция салу қажет. Бірақ бұл жағдайда да толық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес, себебі бұл технологиялар әлі де жетілдірілмеген. Тіпті ең үздік детектор немесе бірнеше детектордың жиынтығы да қателесуі мүмкін. Мәселе осында», – деп түсіндіреді ол.

Егер арнайы жүйелердің өзі дипфейк видеоны тексеру кезінде қателесуі мүмкін болса, қарапайым пайдаланушы үшін оның шынайы немесе жалған екенін анықтау одан да қиын. Алайда қазіргі ЖИ құралдары нақты адамның мінез-құлқы мен ерекшеліктерін толық қайталай алмайды.

Профессордың айтуынша, алаяқтар фотодағы бетті екі түрлі жолмен «жандандырады»: басқа адамның қозғалысын пайдаланады немесе мәтіндік сұраныс негізінде жасанды анимация жасайды. Екі жағдайда да нақты адамның мимикасы дәл көшірілмейді.

«Әр адамның өзіне тән ерекшеліктері бар: қалай күлетіні, қалай сөйлейтіні, қалай қарайтыны. Мұндай ұсақ детальдар көбінесе қайталанбайды. Сондықтан видео сізге ұқсап тұруы мүмкін, бірақ толық сәйкес келмейді. Әсіресе адамды жақсы білсеңіз, мұны байқау оңайырақ. Ал егер оны бірнеше рет қана көрген болсаңыз немесе мүлде танымасаңыз, мимика арқылы жалғандықты анықтау өте қиын», – дейді Жан-Люк Дюжеле.

Егер байланыс хат алмасу немесе бейнеқоңырау арқылы жүріп, әңгімелесуші сізге таныс болмаса, мимика көп көмектесе қоймайды. Мұндай жағдайда сарапшы басқа белгілерге назар аударуға кеңес береді. Атап айтқанда, видеода ерін қимылдарының сөйлеумен сәйкестігін тексеру керек. Көбінесе бейне мен дыбыс бөлек жасалып, кейін біріктіріледі. Сондықтан дауыс сенімді естілгенімен, ерін қозғалысы әрдайым сөзбен дәл сәйкес келе бермейді.

Алаяқтардың арбауына қалай түспейміз?

«Жалған әрекетті анықтаудың ең тиімді жолы аудио немесе видеоны талдау емес, контексті тексеру болып табылады. Шынайы адам ғана білетін сұрақ қойыңыз. Мысалы, хат алмасу кезінде компанияңыз туралы, соңғы кездесулеріңіз туралы немесе тек сол адам білуі тиіс жайттар туралы сұрауға болады. Ал бейнеқоңырау кезінде адамнан қарапайым әрекет жасауды өтініңіз: мысалы, солға немесе оңға қарауын сұраңыз», – дейді сарапшы.

Сонымен қатар қауіпсіздік тек дипфейкті тану қабілетіне ғана тәуелді болмауы керек. Жан-Люк Дюжеленің айтуынша, тиімді инвестиция уәде еткен қоңыраулар мен бейнебайланыстарға қатысты да күмәнді хаттардағыдай қағида қолданылады.

«Егер сізге белгісіз хат келіп, онда көрсетілген нөмірге қоңырау шалуды немесе банкпен байланысуды сұраса, сіз бірден жауап бермеңіз. Оның орнына банктің ресми нөміріне өзіңіз хабарласасыз. Мұнда да дәл сол қағида жұмыс істейді. Егер біреу телефон арқылы ақша аударуды сұрап, соның арқасында байып кететініңізді айтса, одан WhatsApp нөмірін немесе электрондық поштасын беруді сұраңыз. Егер сізге SMS арқылы хабарласса, электрондық пошта арқылы жауап беріңіз және керісінше. Осылайша алаяқ өзіне қатысты қосымша ақпарат беруге мәжбүр болады», – деп қорытындылады Жан-Люк Дюжеле.

Сарапшының айтуынша, әңгімелесуші сізден сұраған ережелер бойынша әрекет етпеу керек. Үзіліс жасап, байланысты басқа арнаға ауыстыру — алаяқтардың тұзағынан қорғайтынын ұмытпаңыз.

Оқу үшін